БҚО-да мал ұрлығы өршіп тұр

18.04.2019

Әсіресе, Жаңақала ауданындағы ахуал нашар. Қылмыстың ашылуы да бәсең. «Ұрылар ұсталмайды, тергеу тиянақсыз»,-деп шағымданады тұрғындар. 

Рафаэль Абдуллиннің 2 жылқысын белгісіз біреулер далада атып, сойып алып кеткен. Үш ай өтсе де, ұрылар ұсталмады.

Рафаэль Абдуллин, Қырқопа ауылының тұрғыны:

- Басы мен терісін лақтырып кеткен. Тергеу жүріп жатыр. Ұрылар табылмай тұр.

Жүген ұстап қалған жан бір бұл емес. Жаңақала ауданында жыл басынан бері 9 мал ұрлығы тіркелген.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Жаңақала - малды аудан, нулы, сулы жер. Ұрылар қылмыстың ізін осындай жерге жасырады. Ауыл маңындағы малды сойып алып, бас-сирағын мынадай ну қамыстың ішіне лақтырып кетеді екен.

«Тұрғындар қылмыс ашылмайды», - деп қынжылады. Жұрттың шығыны миллиондап саналады.

Ерлан Базекешев, Жаңақала ауылының тұрғыны:

- Мал жоғалғанына 1 ай 7 күн болды. Үйірдегі айғырым жоқ болып кетті. Азын-шоғын малмен күнелтіп отырмын ғой. Жылда болып тұрады осындай, тіпті біреуінің де ісі ашылмайды.

Тәртіп сақшылары бұлай ойламайды. Былтыр ауданда 26 мал ұрлығы тіркеліп, оның 16-сы ашылған. «Ұрлықтың басты себебі малдың қараусыз қалуында»,-деп халықты кінәлайды.

 Өтеш Әбуғалиев, Жаңақала аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Ірі қара ұрлығы бойынша қылмыс ашылды. Қалған 7 жылқы малы ұрлығы бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Проблемалардың бірі - малға жем-шөп дайындамайды. Сол себепті мал басқа бағытқа кетіп, қиындық туғызады.

Жалпы өңірде былтыр 397 мал ұрлығы тіркелген. Оның 56 пайызы ғана ашылған. Құзырлы орган малға GPS трекер тағу қажеттігін айтады. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Қазір мал ұрлығы орташадан қылмыстың ауыр түріне ауыстырылған. Дегенмен, ұрылар айылын жияр емес.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу