Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығы өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығы өршіп тұр

09.01.2024

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында мал ұрлығы өршіп тұр. Аңқаты, Абай, Ақсоғым, Сүттігенді секілді бірнеше ауыл шаруалары мен тұрғындары жылдар бойына алды - он, соңы жүз бастан астам ірі қара жоғалтқан. Әріптесім Ардақ Мұратқызының репортажында толығырақ.

Төрт түлікке иек артып отырған тұрғындар ұры-қарының ауылды әбден басынғанына наразы. Жоғалған малдың дені - асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры. Бір ғана шаруашылықтағы шығын көлемі - 40 млн теңгеге жеткен.

Нұрхат Қасенов, Аңқаты ауылының тұрғыны:

Балдызымның 12 бас малы кетті. Менен - 30, жалпы 42 бас мал, соның төртеуін таптық. Құлақтарын ойып кесіп алған. Ұры жігіттің үйінен таптық. Үйге алып келдік. Қалған малымыз сойылып кеткен.

Қасым Көшеков, агрофирма директорының орынбасары:

55 бас ірі қара мал жоғалды, дені сиырлар. Сонымен қатар, 15 бұзау. Енді биыл 33 мал - қазан айында, қараша айында - 26 сиыр жоғалды.

Ал он күн бұрын Ақжайық ауылдық округіндегі бір қыстақтан 15 бас ірі қараны сойып, бас-терісін аулаға көміп тастаған күдіктілер ұсталды. Әзірге үш адам 62 бас малды ұрлады деп айыпталып отыр. Ал, жүген ұстап қалған көршілес ауыл тұрғындары да жоғын осылардан көреді.

Назерке Есетова, Сүттігенді ауылының тұрғыны:

Маусымның 5-і күні түнде 20 бастай мал таңертең барсақ, жоқ жатақта. Осы табылып тұрған ұрылар тұрған жақтан 11 бас малды таптық. Қалған 8 бас малымыз сол күйі жоқ. Өзім осы кісілерден келді деп ойлаймын.

Тұрғындар ең бастысы, ауылды қан қақсатқан ұры-қарының сыбайластары жазасыз қалмауын талап етеді. Жалпы, былтыр Теректі ауданында 15 дерек тіркеліп, 187 бас мал ұрланған.

Нұрлан Бисенов, облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталады. Тергеу барысында малды ұрлап сатқан, сатып алған адамдар, малды сатқан кезде ветеринарлық анықтама берген және полиция қызметкерлері жолда тексерген-тексермегенін - бәрі нақты анықталып, әр тұлғаға құқықтық баға беріледі. Скупщик, яғни ұрланған малды сатып алушы анықталды. Басқа да сыбайластары болуы мүмкін. Олардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қамаудағы күдіктілер 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Аймақта былтыр мал ұрлығымен айналысқан 14 қылмыстық топ ұсталып, іс сотқа жолданды.

Хабарламаларға жазылу