Елордалық кәсіпкерлер полицейлердің жұмысына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық кәсіпкерлер полицейлердің жұмысына наразы

16.04.2019

Бұған дейін елорданың тәртіп сақшылары тұрғын үйлердің төменгі қабаттарындағы дәмхана, мейрамханаларда сағат 23:00-ден кейін ішімдік сатуға тыйым салуды ұсынған еді. Бұл жаңалық кәсіпкерлерге жақпай қалды. Өйткені соңғы кездері полицейлер тарапынан ескертусіз рейдтер көбейіп кеткен көрінеді.

Сондай-ақ, қорқор шегуді ұсынатын бизнесмендер де қор болып отырғандарын айтады. Өйткені қоғамдық жерлерде кальян тартуға қатысты заңда шикілік көп.

Альбина Әшім, тілші: 

- Елорда полицейлері көпқабатты үйлердің бірінші қабатындағы ойын-сауық орындары, дәмханаларды жауып тастауды, не оларда ішімдікті сатуға шектеу қоюды ұсынып отыр. Өйткені тұрғындардан шағым көп. Осы жылдың үш айында ғана Нұр-Сұлтанда 119 қылмыс жасалса, оның 30 пайызы осындай мекемелер жанында болыпты. Қылмыстың басым бөлігі түнгі 01:00 мен таңғы 06:00 аралығында тіркеледі екен.

Сондықтан тәртіп сақшылары талапты күшейту қажет екенін айтады. Жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті бұзғандар бойынша 3500 қоңырау түскен.

Тахир Абдурахманов, Жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары:

- Әр мейрамхана иесі тек өзін ғана ойлап отыр. Азаматтардың денсаулығы, әрі қарай не болатыны оларға қызық емес. Келді, ішті, төледі, кетті. Бұл жерде бірінші орында – табыс. Ал, қоғамдық пікірмен неге санаспайсыздар? Оларға күнделікті терезелерін қымтап, ұрыс-керіс, боқауыз сөздерді есту, төбелесті көру қалай деп ойлайсыздар? Адамдар түнде жақсы демалып, ұйқысы қанып, жұмысқа барғысы келеді.

Ал, кәсіпкерлер тәртіп сақшыларының іс-әрекеттеріне наразы. Өйткені еш ескертусіз, негізсіз тексерістердің көбейіп кеткенін айтады. Салдарынан елорданың 30 мекемесі жабылу алдында тұр.

Вероника Нурпейісова, «Қазақстанның рестораторлар клубы» ЗТБ президенті:

- Алдын ала ескертпестен, мылтықтарын асып алып, баса-көктеп кіреді. Біз ешкімді өлтіріп жатқан жоқпыз ғой. Біздің клубтың құрамындағы елордалық 12 мекемеге күнделікті рейд жүргізілетін болып кетті. Сорақысы, біз комиссия құрамын да білмейміз. Неліктен рейд туралы нұсқамасыз келеді? Біз білетін «Қамқор» деген бар. Ол бойынша тексерсек, жоспар бойынша рейдтер жоқ.

Кәсіпкерлерді қорғап жүретін «Атамекен» палатасы да полицейлерге бас салды. Өйткені олардың ішінде «шаш ал десе, бас алатындар» аз емес.

Ирак Елекеев, «Атамекен» ҰКП кеңесінің төрағасы:

- Ішім сезеді. Бұл жай науқан емес. Бұл - шынында да кәсіпкерлерге қысымшылық. Екінші жағынан, бұл – пара алудың бір түрі.

Қорқор шегудің де шегі бар. Бұл мәселе де дау туғызып отыр. 2013 жылғы ережеге сәйкес қоғамдық жерлерде темекі тарту тыйым салынған. Алайда кәсіпкерлерлер қорқорларда көбіне темекі өнімдері қолданылмайтынын алға тартады.

Сондықтан бизнесмендер айыппұлды салмас бұрын заңның осы шикі тұсын түзеп, қорқор қоспасын «темекісі бар, не жоқ» деп бөлу керек екенін айтады. Тараптар тоқ етерін айтып, ортақ мәмілеге келе алмады. Ал, осындай жаңа ережелерге түрткі болған халықтың дені полицейлердің ұсынысын қолдап отыр.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу