Тікұшақ апаты: 29 жастағы Сырым Мәсәлімнің денесі туған елі Оралға әкелінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тікұшақ апаты: 29 жастағы Сырым Мәсәлімнің денесі туған елі Оралға әкелінді

01.04.2019

Қызылордада қаза тапқан 29 жастағы батысқазақстандық Сырым Мәсәлімнің денесі туған елі Оралға әкелінді. Кеше ел-жұрт Отанға адал қызмет еткен сарбазын соңғы сапарға шығарып салды. Қыршын кеткен жастың қаралы жиынында ел тізгінін ұстаған азаматтар көпшілік атынан марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтты. Қорғаныс министрлігінің өкілдері психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілетінін жеткізді.

Капитан Сырым Мәлкейұлы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әскери болуды армандаған ол Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтына оқуға түседі. Кейін Ақтауда әскери бөлімде қызмет етеді. Сырымның артында ата-анасы, жары, 3 жастағы ұлы мен бауырлары қалды.

Ақкенже Өтеева, марқұм С.Мәсәлімнің мұғалімі:

Біз көрші тұрдық. Көз алдымызда ержетті. Бүкіл қызығын бірге тойладық. Мектепте өте тәртіпті болды, жақсы оқыды. Ешқандай тентектігі болған жоқ. Балаларымызбен бірге ойнап, бірге жүрді. Жақсы азамат болды. Отбасына қайғырып көңіл айтамын.  

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу