Қаза тапқан ұшқыштың отбасына көмек көрсетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаза тапқан ұшқыштың отбасына көмек көрсетілуде

06.10.2017

Осыдан үш күн бұрын Алматының іргесінде апатқа ұшыраған санитарлық авиация ұшағының экипаж мүшелерінің мәйіттері бүгін туған жеріне жеткізілді. Олар қырғыз елінің азаматтары - әуе кемесінің командирі Геннадий Цой мен автотехник Бейшебек Акматбаев болатын.

Ал, командирдің көмекшісі Қазақстан азаматы Евгений Кутафиннің денесі туған жері Оралға ертең жеткізілмек. Таяуда ғана 30-ға толған азамат парашют спортымен кәсіби түрде айналысқан. 15 жасынан бастап облыстық авиация мектебінде тәлім алған. Спорт шеберіне үміткер еді. Бапкерінің айтуынша, ол 920 рет парашюттен секірген. Халықаралық, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері болған. Евгенийдің әкесі Виталий Кутафин осы авиация мектебінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. Марқұмның артында ата-анасы, әйелі және 2 жасар баласы қалды. Оның отбасына өзі оқыған авиация мектебінің және облыстағы спорт мектептерінің ұжымдары бір күндік жалақыларын аударды.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу