Ондаған қожалық жетекшісі осы салыққа қатысты мәселемен келіспейтіндерін, тіпті алданып қалғандарын айтады. Оларға әу баста салықтың бұл түрін төлемейсіздер деп түсіндірген көрінеді. «Тиісті субсидияның да уақытында берілмегені жағдайымызды қиындатып жіберді»,- дейді шаруалар. Олар кезекті рет облыс орталығына жиналып, құзырлы органдардан аталған мәселені шешіп беруді сұрады.
Шағын шаруашылығы бар азаматтар Өскеменге әр ауданнан жиналды. Барлығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Несиеге берілген ақшаны түгелдей импорттаған мал үшін төлеп тастапты. «Сол кезде қосымша құн салығы туралы бізге дұрыс мәлімет берілген жоқ»,- дейді.
Қайрат Ғалымжанов, шаруа қожалығының басшысы:
- Барарда біз сұрадық нақты, жиналыстарға қатысып жүрдік. Сонда айтылды, ешқандай ҚҚС төлемейсіңдер, бәрін біз жоғары жақпен шешіп береміз деді. Салық орындары енді біздің барлық есепшотымызды бұғаттап тастаса, субсидиямыз да түспейді.
Мырзабек Көксебекұлы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 40 миллион теңге несие алған. Ол ақшаға шетелден герефорд тұқымды 60 тайынша сатып алған. Малды жеткізу шығындарын есептемегенде, ол енді 4 миллион 800 мың теңге көлемінде қосымша құн салығын төлеу керек.
Мырзабек Көксебекұлы, шаруа қожалығының басшысы:
- ҚҚС мәселесімен біз министірлікке де бардық. 52 шаруа қожалықтың атынан 2 адам бардық, осы жердегі ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы бізді ертіп алып барды. Ол жерде жалпы жағдайды айттық, ол кісілер айтты шешеміз, қателік бізден деді. Ешқандай жауап хат келген жоқ бізге.
Шетелден мал әкелеміз деп, шақшадай басы шарадай болған шаруалар Өскеменде осы салаға жауапты билік өкілдерімен кездесті. Салыққа қатысты ой пікірлерін тағы бір рет айтып, тиісті субсидияның да дер кезінде төленбегеніне шағымданды.
Асқар Жақыпбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Маусым айында агроөнеркәсіп кешені туралы заң шығады, сол кезде 4 кодекске өзгерістер еңгізіледі. 2018 жылы асыл тұқымды мал әкелгендері қосымша салықтан босату жөнінде ұсыныстарды еңгізіп отырмыз. Оған дейін төлеу керек.
Былтыр «Сыбаға» бағдарламасымен облыста 71 қожалық бас-аяғы 5200 бас мал әкелген. Олардың жартысы тиісті салықты төлеген, ал қалғандары қаржы таппай шырылдап жүр. Субсидия берілгеннің өзінде, оның тең жартысын несие берген қорға қайтарып беру керек. «Шартта осылай жазылып тұрғанын кеш білдік»,- дейді шаруалар.
Берік КӨШЕРБАЙ