Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте елдің экономикалық дамуына қатысты бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали фейсбуктегі парақшасында жазды
«Мемлекет басшысы экономиканың өсуі мен әртараптандырылуына қол жеткізудегі басты факторлар ретінде инвестицияны, экспортты және индустрияландыруды атап өтті. Осыған байланысты мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ орталық пен өңірлердің үйлесімді жұмыс істеу қажеттігі аталып өтті», - деп жазды баспасөз хатшысы.
Қ.Тоқаев жекелеген өңірлерде іскерлікке қолбайлау болатын әкімшілік кедергілер мен шектеулер мәселесіне назар аударды.
«Одан бөлек, Мемлекет басшысы, тартылған инвестициялар мен шикізаттық емес экспорт көлемінің министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіштері болатынын мәлімдеді. Сондықтан Президент Әкімшілігіне мемлекеттік органдардың қазіргі бағалау жүйесіне тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды», - дейді Берік Құрманғали.