Жайықтың жай-күйін жақсарту үшін жергілікті билік қазынадан 80 миллион теңге қаржы бөлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайықтың жай-күйін жақсарту үшін жергілікті билік қазынадан 80 миллион теңге қаржы бөлді

26.03.2019

Жайық өзені көктем келісімен қайта жанданды. Су айдыны балық өлекселерінен тазартылып, жағалаудағы қоқыс қалдықтары жойылды. Жайықтың жай-күйін жақсарту үшін жергілікті билік қазынадан 80 миллион теңге қаржы бөлді.  Қазір құзырлы мекемелер аптасына екі рет судан сынама алып, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мамандардың айтуынша, тұрғындар мен өзен фаунасына еш қауіп жоқ.     

Қазір Жайықтың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Өзен 120 тоннаға жуық өлі балықтан тазартылды. Желтоқсан айында өлген балық мұзға жабысып қалып, енді су бетіне шығып жатыр. Ал, жаңа  ауланған су маржандарының арасында өлі балықтар жоқ.

Хабиболла Қазымұқанов, әуесқой балықшы:

Бәрі қарылып қалған ештеңесі жоқ. Теңізден келіп жатыр.

Абдулғаппар Усаев, әуесқой балықшы:

Кеше қармағыма балықпен бірге, екі шаян түсті. Екеуі де тірі. Тіпті менің саусағымды тістеп, жарақаттады. Бұл судың таза екенін білдіреді. Ал, шаян лас суда тіршілік етпейді.

Желтоқсандағы  төтенше жағдайға қарамастан, аймақ балықшылары көктемгі ау тарту жұмыстарына кірісіп кетті. 11 өндірістік  кооператив бекітілген  4500 тонна лимитті уақытында игеруі тиіс. Олар өткен 5 күннің өзінде-ақ 15 тоннаға жуық  балық аулаған.

Амангелді Ақтанов, Дамбы инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Сараптама жасап қарағанда, теңіз жағында балық бар екендігін көрсетті.

Тұрғындардың денсаулығы басты назарда. Полиция мен ветеринарлық қызмет өңірдегі 41 сауда нүктесін қатаң бақылауда ұстап отыр. Бүгінде Жайықтың жағдайын жақсарту мақсатында жергілікті билік облыстық бюджеттен  80 млн. теңге қаржы бөлді.

Артур Сәдібекұлы облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Жайық өзеніне ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыс осы сәуір айында басталуы тиіс. Балыққа зиянын тигізіп тұрған нәрселерді анықтайды. Толғымен зерттеу жұмыстары жасалып, сосын бізге ғылыми тұжырымдама береді.

Жайықты жетімсіреткен келеңсіз оқиғаға қатысты  кі қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Алынған зертханалық сынамалар өзендегі судың халық үшін қауіпсіз екенін көрсетті. Әзірге, тұғындар мен еріктілер Жайық жағалауын балық өлікселерінен тазартуда.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу