Алматы - тәуелсіздік бесігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы - тәуелсіздік бесігі

20.03.2019

Алматы – қазақ елінің егемендігі мен азаттығының жылнамасы басталған қала. Мемлекеттің ең алғашқы құндылығы - Ата заң осы мегаполисте қабылданды. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер мен төл теңгеміз де оңтүстік астанада бекіді.

Сондықтан, осы істердің басында тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолда еткен еңбегі елдің жадында сақталады. Азаттықтың алтын арқауына айналған Алматыда Елбасының егемендік жолында жүйелі жүзеге асырған жұмыстар тізбегін тілші Нұрлан Асқарұлы әңгімелейді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң Жоғарғы кеңес залында қабылданды. Сол сәтте Жоғарғы кеңестің үш жүзден аса депутаты маңызды заңды қолдап, бір ауыздан дауыс берді. Осылайша Тәуелсіздік декларациясы қабылданды

Өмірәлі Қопабаев, заң ғылымдарының докторы:

Заңның үстемдігі барлығы заңға бағыну мәселесі, осылардың бәріне жете көңіл бөліп отырған Елбасы деп айтамын. Елбасымыз жалпы біздің елімізге отыз жылдың ішінде үлкен еңбек сіңірді. Бұл енді бүкіл дүниежүзіне белгілі адам. Біз бұрын шетелге барғанда біздің Қазақстанды білмеуші еді. Қазір барсақ, Қазақстан десе бірден  Назарбаев дейді мысалы. 

Елдің таңбасы мен берне-бөгенайын көрсетіп, ұлттық нақыштарын танытатын Ту мен Елтаңба және Әнұран кез келген мемлекеттің дербестігінің белгісі. Тәуелсіздік жылдары Алматыда күн тәртібінде тұрған мәселердің бірі мемлекеттік рәміздерді қабылдау болды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал, Әнұран мәтіні осы жылдың 11 желтоқсанында бекітілген. Бұл бағыттағы жұмыстарға да Елбасы тікелей өзі араласып, ұлттық құндылықтардың құнын арттыруға ықпал етті.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы:

Жалпы, Қазақстан тарихында Назарбаевтың ролі зор. Ең алдымен айтар едік, ол Қазақстанның тұңғыш Президенті, қазақ елінің тәуелсіздігне қол қайған адам.   Саяси тұрақтылық болған жерде экономикалық даму болады. Ал, экономикалық даму болған жерде әлеуметтік өсімдер де болады. Оның ішінде білім де мәдениет те бір мақсатқа шоғырландырған. Біз оған жетеміз. Міне, Елбасының бұдан да басқа жасаған шаруалары өте көп. 

1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұлттық валюта болып бекітілген «теңге» тәуелсiз елдiң негізгі рәмiздерiнiң бiрiне айналды.  Бастысы, сол күннен бастап Қазақ елі дербес қаржы саясатын жүргізді. Бүгінде әлемдік ақша нарығында теңгеміз өз орнын тауып, заман талабына сай түлеп, түрленді.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Сәтті реформа ның арқасында тұрмыс жақсарды. Мысалы, реформа Кәрімовтың кезінде реформа жасамаған Өзбекстан 5 млн өзбекті Ресейге жіберіп, олар сол жақта күн көріп жатыр. Бізде, 700 мың өзбек жұмысшылары бар. Яғни, шетелде қаңғыған қазақ жоқ. Оқу іздеген қазақтар бар. Былай жұмыс іздеп жаншылып, жылап жүрген қазақ жоқ. Жұмыссыздық 4-5 процент ол минималдық норма. Одан аз болмау керек әйтпесе нарық жұмыс істемейді. 

Ал, 1995 жылы 30 тамызда бұрынғы үкімет үйі қазіргі Қазақстан Британ техникалық университетінің ғимаратында Қазақ мемлекетінің жаңа конституциясы қабылданды. Осылайша сан жылдан бері дәстүрімізге айналып, қоғамды тәртіпке келтірген кейбір құндылықтар Ата заңымыз арқылы қайта жаңғырды.

Маралтай Райымбекұлы, ақын:

Елбасы осы 30 жылдың ішінде қазақ халқына оның ішінде біз сияқты қаламгерлерге қандай сәулесін түсірді. Жақсылық жасады дегенге келетін болсақ. Біз осы біздің буын 90 жылдары әдебиетке келді біз әдебиетке келгенде осы жасыратыны жоқ  елдің бәрі куә, уақыт куә қаңғырып көшеде жүрдік. Біз көшеде жүрсек те елдің ынтымағын бірлігін жырладық.

Оы кездерде Елбасы бізді шақырып алып арқамыздан қағып жөн жоба сілтеп жас ақындарға тиесілі қандай игіліктер бар. Солардың бәрімен бізді қамтамасыз етті. Мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады. Баспана берді басымызға  кітаптарымыздың шығуына мүмкіндік жасады Сондықтан да, Елбасының еңбегі біздің жүрегімізде. Біз оны қай уақытта да ризашылықпен еске аламыз.  

Міне, азаттықтың алтын бесігі аталған Алматыда елдің іргесін бекітіп, тұғырын нығайтқан осындай шаралар қабылданды. Зиялы қауым елдің еңсесін көтеру үшін том-том шығармалар жазса, ғалымдар тарихымызды түгендеп тың зерттеулер жасады. Елорданы Астанаға көшіру туралы шешімді де Елбасы Алматыда айтты. Сондықтан, мегаполисті зиялы қауым өкілдері елдігімізді кемел етуге қосқан алтын арқау деп атайды. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                       

Хабарламаларға жазылу