«Кемел елдің – кемеңгер көшбасшысы». Н.Назарбаевтың өкілеттілігін Сенат Төрағасына тапсырып, салмақты шешім қабылдауын Батыс жұрты жоғары бағалап отыр. Экономикалық қуатты, демократиялық дамыған, әлеуметтік жауапты мемлекет тұрғызудағы тұңғыш Президенттің рөлі өлшеусіз.
«Қазақтың тірегі – Тәуелсіздік, тілегі -– тұрақтылық, білегі -– бірлік!». Н. Назарбаев халқына осыны үндеп қана қоймай, елдегі 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір тудың астына біріктіре білді. Бейбітсүйгіш елдің басшысы жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру арқылы адамзат баласын аждаһа қарудың алапат қаупінен құтқаруға қомақты үлес қосты» - дейді сақа саясаткер Жозе Мануэль Баррозу.
Жозе Мануэль Баррозу, Еуропалық комиссияның 2004-2014 жж. Президенті:
- Президент Н. Назарбаевқа халықаралық қауымдастықты «ядродан азат әлем» болуға үндеп, өзекті мәселені саясаттың күн тәртібіне шығарып, тың бастама көтергені үшін алғысымды білдіремін. Бұл амбициялық позиция. Көрегенділік деп айтар едім. Себебі, Хиросима мен Нагасакиде, қазақ жерінде болған ядролық сынақтың қандай қасірет әкелгені әлемге аян. Суық соғыс кезінен бері атомдық шабуыл үрейімен өмір сүріп жатырмыз. Қазақ басшысының бастамасының арқасында Украина, Оңтүстік Африка сынды бірқатар елдер ядродан бас тартты.
Әлемдік геосаясатта жетекші рөлге ие Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалықты абыроймен атқарғанын да сарапшылар сөз етті. Елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы, Еуропалық Одақпен кеңейтілген келісімге қол қоюы-Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі-дейді саясаткерлер.
Вацлав Клаус, Чехияның бұрыңғы Президенті:
- Мен үшін, сырттан, Орталық Еуропадан қараған адам үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең тұрақты әрі өзгелерге үлгі мемлекет. Осы ел дамуындағы Президент Н.Назарбаевтың рөлі ерекше. Ол – баға жетпес тұлға. Әркез елінің мүддесін ойлайтын білікті басшы. Мен Қазақстанға, қазақ халқына, Н.Назарбаевқа сәттілік тілеймін. Елдеріңіз әлемдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы қарқынды мемлекеттердің қатарына қосыла берсін.
Еуропарламент депутаты Ивета Григуле әлем мойындаған қазақ басшысының қарапайымдылығына тәнті. 2015 жылы Президенттік сайлауға байқаушы ретінде қатысқан депутатқа Н. Назарбаевпен тұңғыш рет кездесу бақыты бұйырыпты. Сол кезде түсірілген мына тарихи сурет депутат үшін бәрінен ерек.
Ивета Григуле, Еуропарламент депутаты, Еуропарламенттің Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының жетекшісі:
- Президенттеріңіз көпті көрген, тәжірибелі, елі үшін, жаһан үшін ауқымды іс тындырған таутұлға болғаннан кейін кездесерде қатты қобалжыдым. Бірақ, ол кісі өмірде өте қарапайым, спортпен шұғылданатын, әзілді жақсы түсінетін, қайратты адам екеніне көзім жетті. Елдің тұрақты дамуы білікті басшыға байланысты. Сіздердің Президенттеріңіз Қазақстанның тарихында ғана емес, әлемнің тарихында ойып тұрып орын алатын мықты тұлға. Сондықтан, қазақ елінің бүгінгідей жетістікке жетуі - әлбетте Н. Назарбаевтың ерен еңбегі деп айтар едім.
Еуропа сарапшылары Н.Назарбаевтың уақыттың сын-қатерлерін сезімталдықпен, көрегенділікпен дөп баса білуін көпке бұйырмайтын дарын деседі. Барлығы білікті басшы, сарабдал саясаткердің тың бастамалары әрі қарай да сәтті жалғасады деген үмітте.
Нұрсұлу Қасым