Аң аулау тәртібін жетілдіру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аң аулау тәртібін жетілдіру керек

13.03.2019

Бүгінде аң аулау сәнге айналды. Қолына қару ұстағанның бәрі өзін кәнігі аңшы есептейді. Алайда аңшылықтың өзіне тән мәдениеті мен тәртібі бар. Дегенмен бізде осы саланың ақсап тұрған тұсы жетеді. Соны жою үшін қолданыстағы заңды жетілдіру керек. «Қансонар» республикалық қауымдастығы мен мемлекеттік қызметшілер осы бағытта тұжырымдама жасапты. Енді соны Парламентке ұсыну үшін тағы бір пысықтап жатыр. Жалпы, аңшылық шаруашылығы тәуелсіздік алғалы бірде-бір рет реформаға ілікпеген сала. Түзеп-күзеуді қажет ететін жерлері жетерлік.

Аң аулау – ақыл мен айланың, тіпті ардың ісі. Алайда қазір жан-жануарды аяусыз қыру фактісі азаймай тұр. Браконьерлік белең алып барады. Былтырдың өзінде 10 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, мыңға тарта қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен тұтылғаннан құтылғаны көп.

Ғаният Насыров, «Қансонар» республикалық қауымдастығының заңгері:

- Олар ұсталса, тек соның біреуі ғана жауапқа тартылады да, қалғандары әртүрлі себептермен алдын ала тергеу кезінде немесе іс сотта қаралған кезде жауапкершіліктен құтылып кететін фактілері айтылды.

Әлемде аңшылықты табыс көзіне айналдырған елдер баршылық. Алайда бізде бұл бизнес те берекелі емес. Туризм тұрғысынан да тұсаулы. Сондықтан осы саланы сауықтыру маңызды. Ол үшін қолданыстағы заңды жетілдіру ұсынылып отыр. Яғни, жабайы аң-құсты қорғауға ғана емес, көбейтуге де ден қою керек. Ал, сонымен айналысатын шаруаларға жан-жақты жағдай жасалмаса бәрі бекер.

Оралбай Әбдікәрімұлы, «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Жалға беретін жердің мерзімін ұзарту керек. Несие алуға мүмкіндік беру керек, инвестиция тартуға жағдай жасау керек.

Міне, осындай қолдау көрсеткен Жаңа Зеландия былтыр аңшылық нарықтан 900 млн доллар пайда тапқан. Ал, біздегі тіркелген 717 шаруашылықтың 18-і ғана жануарларды өсіруге көңіл бөледі.

Айтуар Туғанбеков, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының басшысы:

- Жабайы жануарлардың өнім түрлері көбейіп, сатылымға шығады. Мақсатымыз - аңшылық бизнесті пайдалы ету.

Жоғарыда аталғандарды жолға қоюда цифрландырудың маңызы зор. «Қазір сол бағытта жоба дайындалып жатыр. Сондай-ақ аң-құстың нақты санын білсек, сол арқылы оны қорғау да жеңіл болмақ. Осының бәрі енді тек заң жүзінде бекітілсе»,-дейді мамандар.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу