Алматыда көпбалалы аналардан тұрғын үйге өтініш қабылдау басталды

11.03.2019

Бұл жеңілдетілген бағдарлама бойынша ипотеканың жылдық үстемесі - 2 пайыз. Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Өтінішті қалай беруге болады? Оларға қандай үй беріледі?

Бүгін Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасында ұзын-сонар кезек. Жаңа бағдарлама бойынша кеңес алуға келген көпбалалы ана аз емес. Солардың бірі - Бақытгүл Садыбекова. Ол - төрт баланың анасы. Алматыда 2002 жылдан бері пәтер жалдап келеді. 4 жыл бұрын әлеуметтік кезекке тұрған ананың жаңа бағдарламадан үміті көп.

Өтініш қабылдау наурыздың 15-не дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында көпбалалы аналар «Бақытты отбасы» порталына тіркеліп, онлайн форматта өтініш қалдыруларына болады. Барлық ақпарат осы сайтта анық көрсетілген. Тек оған тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан Электрондық цифрлық қолтаңба алу қажет.

Жасұлан Дүйсекенов, Қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:

- Азаматтардан қабылданатын құжаттар аз. Сондықтан бізге тиімді.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 140 отбасыға үй берілмек. Оған кімдердің ие болатындығын арнайы комиссия анықтайды. Ал, жалпы осы жүйе арқылы кезекте тұрған 1276 көпбалалы анаға баспана беру жоспарда бар. Айта кетерлігі, пәтерді кез келген жаңа үйден таңдауға болады. Үйдің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Алғашқы жарна ретінде пәтер құнының 10 пайызын құюы тиіс. Оны төлей алмайтындарға жергілікті қазынадан 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу