Атырауда жұмыссыз аналарға арналған жаңа жоба дайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда жұмыссыз аналарға арналған жаңа жоба дайындалды

06.03.2019

Білім алып, кәсібіңді баста! Атырауда осындай ұранмен жұмыссыз аналарға арналып жаңа жоба дайындалды. Игілікті істің негізінде көпбалалы және жалғызбасты, сондай-ақ, әлеуметтік осал топтағы аналар жаңа мамандыққа тегін оқытылады. Әрі алған білімдері құжатталып, жұмысқа орналасқанша жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қанат қақты бастамаға аймақтағы 300-ден астам әйел қатыстырылмақ. Олардың бірқатары оқуды бастап та кеткен.

41 жастағы Жанар Жанғалиеваның 5 баласы бар. Үй шаруашылығына байланған ана енді өзін жаңа қырынан байқап көрмек. Ол үшін қолына тарақ пен қайшыны алды.

Жанар Жанғалиева, көпбалалы ана:

- Азаматтық орталықтан тегін оқу деген соң шаштараз мамандығына оқып жатырмын. Алдағы уақытта осы мамандық бойынша өз кәсібімді ашып, жұмыс жасаймын деген ойдамын.

Жобаға қызығушылық танытатындар қатары күн санап көбейіп келеді. Мәселен, бүгіннің өзінде 100-ге жуық ана өздері қалаған мамандық бойынша білім алып жатыр. Ниеттілер жоспарға сай, шаштараз, бет әрлеуші, аспазшы, тігінші сияқты сұранысқа ие 11 түрлі мамандықты меңгере алады. Оларға тәжірибелі оқытушылар  дәріс береді. 

Әйгерім Жәрдемқызы, облыстық Ішкі саясат басқармасы азаматтық орталық КММ директоры:          - Тек қана оқумен ғана шектелмей, бітіргеннен кейін бизнесті бастауға, әлеуметтік желіде парақша жүргізуге және әртүрлі психологиялық тренингтерге аналарды шақырып, қатыстыратын боламыз.

Бастамаға жауаптылар оқытудың ауқымын кеңейтуді ойластыруда. Ол үшін сұранысына қарай осындай жұмысты аудандарда да жүргізбек. Нәтижесінде іскер аналар қатары көбейіп, жаңа  кәсіпкерлік нысандар ашылады. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу