ҚХА төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев көпбалалы аналармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев көпбалалы аналармен кездесті

06.03.2019

Көктемнің шуақты мерекесін тойлау басталып кетті. Астанада қыс қаһарынан қайтпаса да, мекемелер іші мен қыз-келіншектердің құшағы гүлге тола бастады. Мейрамға орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы да  салтанатты жиын өткізді. Оған еліміздің түрлі өңірінен келген көпбалалы аналар қатысты.

Қазақ, қырғыз, өзбек, кәріс, орыс, дүнген, неміс, шешен, башқұрт. Олар - түрлі ұлт пен этностан шыққан көпбалалы аналар. Бірі мұғалім, бірі кәсіпкер, енді бірі өнер адамы. Мамандықтары мен тағдырлары сан түрлі. Алайда батыр аналарды біріктіретін бір нәрсе – сәбилеріне деген махабат.

Бүгін бар қошемет солардың құрметіне. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев көпбалалы аналардың әрқайсысымен танысып шығып, олардың орны мен беделі бөлек екенін атап өтті.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Мен ҚХА аналардың мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырмайтынына сенім білдіргім келеді. Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! Өмірлеріңіз қуанышқа толы болсын!

Шортандылық Наталья Самофалова осы жиынға қатысушылардың ішінде «ең тәжірибелісі» десек болады. 8 баладан 3 немере сүйіп отыр. Кітапханашы бұл шараның ұлттық кітапханада өткенін жақсылықтың нышанындай қабылдады.

Наталья Самофалова, көпбалалы ана:

- Өз мектебімді, өз кәсібімді, балаларымды қатты жақсы көремін. Егер менің балаларым және сүйікті ісім болмаса, өзімді толыққанды бақытты сезіне алмаушы едім. Мен балаларыммен бірге өсіп, өніп келемін. Барлық сайысқа бірге дайындаламыз. Өзім кондитерлік өнімдер пісіргенді ұнатамын. Шортандылықтар сүйсініп сатып алып жатады. Балаларыңды жақсы көрсең, барлық іс оңға басып тұрады.

Ошақ басында да, Отан алдында да еңбегі сіңіп жүрген аналарға алғыс хаттары табысталып, құшақтары гүлге толтырылды. Ал олардың күллі өмірін гүл еткен балақайлар да назардан тыс қалмады. Аналары құттықтау қабылдап жатқанда олар мейрамды өздігінше тойлады.

Ассамблея жанынан 6 жыл бұрын құрылған аналар кеңесі құр қол келмеді. Көктемгі мерекеге ерекше шашу. Бүгіндері 17 облыстық, 48 қалалық, 271 аудандық және 1200-ден астам ауылдық аналар кеңесі бар екен.

Бақытжамал Максилова, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

- Мақсаты - аналарға көмек көрсету. Аналардың қойған сұрағын, ары қарай біреуін де далаға тастамай, сол сұрақтарға жауап беріп, сол сұрақтар қанағаттандырылатын органдарға дейін барып, түгел жасап жатыр.

Шараның нүктесі естелік фотомен қойылды. Жаңа қызметке тағайындалғанына апта да толмаған Жансейіт Түймебаевты аналар қоршап алды. Қызығы сол, қызғалдақтар аймағынан келген ол бүгін де қызғалдақтардың ортасында.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу