Қала маңындағы ауылдардың ахуалы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қала маңындағы ауылдардың ахуалы қандай?

05.03.2019

«Nur Otan» партиясының XVIII съезінде Президент ірі қалалардың маңындағы елді мекендерді дамытуды тапсырды. Осы мақсатта Астана мен Алматы және Шымкенттің іргесіндегі аудандарды жақсартуға 2019-2021 жылдары 90 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Осыншама қаржы қалай жұмсалады? Қала түбінде тұратын халықты толғантқан мәселелер қандай?

Алматының іргесінде облысқа қарасты төрт аудан бар. Мұндағы әлеуметтік мәселелер тек Талдықорған арқылы шешіледі. Сондықтан түйткіл көп. Мысалы, Іле ауданы қаланың түбінде демесеңіз, ішкі тасжолдардың сапасы нашар. Ойдым-ойдым қотыр жолға айналған. Өйткені 209 мыңнан астам халық тұратын аудан жыл сайын өсіп, жаңа ауылдар пайда болып жатыр. Ал, жаңа елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға қыруар қаражат қажет.

Нұрлан Құматаев, Іле ауданы әкімінің орынбасары:

- Өзекті мәселенің бірі - мектеп. Бүгінгі таңда біздің ауданымыз бойынша 13 үш ауысымды мектеп бар. Бізге қаражат керек. Су, су желісі, кәріз жүйелері мәселелері бар. Олардың бәрін қазір күрделі жөндеуден өткізу керек.

Ірі мегаполистің маңындағы халқы да көп, қордаланған мәселесі де аз емес аймақтың бірі – Қарасай ауданы. Мұнда 300 мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан мектеп пен балабақша жетіспейді. Кейбір тұрғындар ауызсу мен электр жарығын да қалауынша пайдалана алмайды. Бұдан бөлек, халық үшін баспана мәселесі де бас ауыртар базынаға айналды.

Осы түйткілдерді тиімді шешу үшін Президент 90 млрд теңге бөлінетінін айтты. Осының арқасында 2,2 миллион адамның өмір сүру сапасы жақсаруға тиіс. Одан бөлек, шағын және моноқалаларды дамытуға жыл сайын 10 млрд теңге беріледі. Яғни, қаржы қарастырылады. Бірақ оны жөнімен жұмсай білу жергілікті биліктің біліктілігіне байланысты болмақ.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу