Басты Жаңалықтар «I Run Kazakhstan». Қазақстанның көрікті жерлерімен жүгіріп өтпек

«I Run Kazakhstan». Қазақстанның көрікті жерлерімен жүгіріп өтпек

Каспий теңізінің жағалауы қоқыс алаңына айналып барады. Әсіресе, «Голубая бухта» аумағы шыны және пластик бөтелкеден аяқ алып жүргісіз. Көрікті жерде ұзақ қашықтыққа жүгіру үшін арнайы келген алматылық саяхатшы Александр Габченко осы мәселені көтерді. Әуесқой спортшы жағалау бойымен 30 шақырым қашықтықты 4 сағатта жүгіріп өткен.

Александр – өзінің Каспийдің жағасында тастан-тасқа секіріп, борпылдақ құмға батып жүгіргенін таспаға жазып, әлеуметтік желіде таратты. Осылайша «Голубая бухта» жағалауының тамаша табиғатын жарнамалады. Ішкі туризмді дамытуға бағытталған жоба аясында саяхатшы Қазақстанның көрікті жерлерін түгел насихаттамақ. Бұған дейін «Бурабай» табиғи паркі мен Аманқарағай орманында қашықтыққа жүгіріп, табиғи кедергілерді еңсерген.

Александр Габченко, саяхатшы:

- Жағадағы тау-тас пен терең құм біраз қиындық туғызды. Көп энергия жұмсадым. Біраз уақыт жоғалттым. Жалпы алғанда, ойдағыдай жүгіріп шықтым деп айтуға болады. «Голубая бухта» тамаша жер екен. Каспий теңізі - расында да Қазақстанның інжу маржаны ғой. Ол бәрімізге ортақ. Сондықтан осы жерді таңдадым.

Саяхатшы өңірдің туристік әлеуетін көтеру үшін Каспий теңізінің жағасына әлемдік тәжірибеге сүйеніп, соқпақ жол салуды ұсынды. Сондай-ақ, демалушыларды тазалыққа шақырды.

Александр Габченко, саяхатшы:

- Ақтаудан Форт-Шевченкоға дейінгі аралыққа 100 шақырым соқпақ жол төселсе, туристер көп келеді. Оған күмәнім жоқ. Жағалаудың барлығына ағаштан баспалдақ салу міндетті емес, қажетті жабдықтармен жабдықтап, таңбаласа жеткілікті. Туристер 2 немесе 5 күндік жаяу саяхатқа шығуға құмар.

Александр Габченко бос уақытында жүгіріп, велосипед тепкенді ұнатады. Ол туған өлкесі Алматыда әуесқой спортшылар арасындағы жарыстардың жүлдегері. Ал, «I Run Kazakhstan» жобасын бір жылда аяқтауды жоспарлайды.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу