Алматы әкімдігі көпбалалы отбасылардың балабақша ақысын төлеуге көмектеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әкімдігі көпбалалы отбасылардың балабақша ақысын төлеуге көмектеседі

13.02.2019

Алматы әкімдігі көпбалалы отбасылардың балабақша ақысын төлеуге көмектеседі. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек айтты. Оның сөзінше, тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға кететін шығынның көлемін зерттеу қажет. Осы мақсатта аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» жобасы іске асырылмақ.

Бұл «бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық болады. Сол арқылы көп балалы аналар жұмысқа да орналаса алады. Мегаполис басшысы төрт және одан көп балалары бар отбасылардың тұрғын үй алу үшін төленетін алғашқы жарнасын субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыруды да тапсырды.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

Орынсыз шығындарды азайтып, сол қаржыны тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға жұмсау керек. Оларға көмек көрсетудің кешенді моделін жасаған жөн. Оның құрамына мемлекеттік жәрдемақы, атаулы көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік қолдау, еңбекке тарту кіреді. Қысқа мерзім ішінде көмекке зәру жандарды анықтап, әр отбасына қажетті көмек түрлерінің тізімін жасау керек. Бұл бір реттік акция емес, біз жүйелі түрде айналысуға тиіспіз.

Аманкелді СЕЙТХАН       

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.                          

Хабарламаларға жазылу