Маңғыстау облысының Ақшымырау ауылында спорт кешені қаңырап тұр. Жастар саламатты өмір салтын ұстансын деп, ғимаратты тұрғындар өз қаражатына тұрғызған. Алайда, арада 3 жыл өтсе де, жергілікті билік спорт кешенін өз қарауына алмаған.
Ауылда спорт залдың салынғанына ең алдымен осы жеткіншектер қуанып еді. Жасұлан мен оның достары спорттық киімдерін де әзірлеп қойған. Алайда, кимоноларын қойнына қысып, әлі жүр.
Жасұлан Бүркітәлиев:
Спорт залды ашып берсе, біз балалар күтіп ұстайтын едік деп ойлаймын. Ішінде жылу жоқ, сосын мектептікіне барамыз.
Исламбек Телеусов, жаттықтырушы:
Мектепте балалар ішіне сыймай жатқанда, дене шынықтыру сабағы бар, сол кезде біздерге сәл тоқтат дейтін уақыттар болады. Ауылдың балаларының спортқа деген ынтасы, таланты өте күшті деп ойлаймын. Себебі, жұмысқа жарты сағат кешіксем балалар телефоныма тыным бермейді. Ағай келесіз ба, деп.
Бір мезгілде 50 адам спортпен шұғылдана алатын кең ғимаратта күрес, футбол, баскетбол мен волейболға қажеттінің бәрі бар. Ауыз біршілігі мықты ауыл тұрғындары бұған 14 млн теңге жұмсаған. Осыдан үш жыл бұрын сән-салтанатымен ашылған ғимарат бүгінде жарықсыз, сусыз, жылусыз, қаңырап тұр.
Смағұл Нұрбеков, Ақшымырау ауылының тұрғыны:
Осы спорт залға еңкейген ауыл балаларынан бастап зейнеткерлерге дейін көмектесті. Кәсіпкерлерден де қолдау болды. Кемі жоқ спорт зал. Қазір ішін пайдаланбаған соң азып қалуға айналды. Атқораға айналды, әне, іргелері түсіп жатыр. Осы жерде аудан әкімі ашқан уақытта уәделерін беріп кеткен.
Барды ұқсатып, бар-жоғын түгендеп, бас-көз болуы тиіс, ауыл әкімінің айтуынша, мәселе құжатта. Ғимараттың қабылдау актісінен шикілік шыққан.
Айдос Шамғұлов, Ақшымырау ауылының әкімі:
Спорт кешені қазір құжаттарының бітпеуінен сәл кідіріп тұр. Өзім жаңадан келгенмін. Спорт кешенінің бітуіне құжаттарының бітуіне өзім жауапты боламын. Оны ауданмен ақылдасып, осы мектептің балансына болсын, әкімдіктің балансына болсын оның бір шешімін тауып жауабын береміз.
Жалпы облыста 660 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 300-ден астамы ауылдық елді мекендерде. Тағы 12-сінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Ақшымырау ауылындағы спорт кешенінің іске қосылуын тиісті басқарма басшылығы да қадағалайтын болды.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.