Иранға астық сату туралы Қазақстан-Иран-Ресей тарапы үшжақты келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранға астық сату туралы Қазақстан-Иран-Ресей тарапы үшжақты келісімге қол қойды

12.02.2019

Қазақстан мен Ресей Иранға және сол аймақтағы өзге елдерге де астық экспорттайтын болды. Мәскеуде үш елдің Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері арнайы меморандумға қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес, енді үшжақты жұмыс тобы құрылып, Қазақстан мен Ресейден Иранға жөнелтілетін бидайдың көлемі мен сапасы белгіленеді. Ал, құны нарықтық бағамен есептеледі. Иранға бидай шикізат күйінде және бірлескен кәсіпорындарда тартылған ұн ретінде өзге елдерге де сатылады. Ал, Иранмен шектесетін мемлекеттердің әлемдегі ұнның 70 пайызын тұтынатынын ескерсек, біз үшін үлкен нарық ашылады деген сөз. Осы уақытқа дейін Иран тарапы шет мемлекеттерден келетін бидай импортына тыйым салып келген. Ал, бүгінгі уағдаластық Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімнің аясында мүмкін болып отыр.

Алмабек Марс, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары:

- Иран тарапынан біздің бидайды сатып алу кезінде ешқандай тыйым салынбайтын, кедергі қойылмайтын, сонымен қатар, артық кедендік төлемдер төленбейтін болады. Республикамыздың мүмкіншілігі бойынша біз 1 миллион тоннадан артық бидайды Иран Ислам Республикасына экспортқа жібереміз.

Али Акбар Мехрфард, Иран Ислам Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Бұл келісім бойынша Ресей мен Қазақстан Иранның логистикалық мүмкіндіктерін, транзиттік жолдарын пайдаланып өзге нарықтарға астық шығара алады. Екіншіден, ИРАН СВОП операциялар бойынша импортқа қолдау көрсетеді. Үшіншіден, Қазақстан мен Ресейден келген бидай Иранның кәсіпорындарында өңделіп, одан шыққан ұн тиісті елдерге жөнелтіледі.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу