Қазақтың «Қара майоры» атанған әйгілі Борис Керімбаев дүниеден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың «Қара майоры» атанған әйгілі Борис Керімбаев дүниеден өтті

12.02.2019

Бүгін қазақтың «Қара майоры» атанған әйгілі Борис Керімбаев дүниеден өтті. Аты аңызға айналған азамат Ауған соғысында әскери тәсілді терең меңгерген мықты қолбасшы болды. Бейбіт тірлік үшін қарсыластардың ортақ келісімге келуіне ықпал еткен батыр тұлға. 72 жасқа қараған шағында Борис Керімбаев ұзаққа созылған аурудан көз жұмды.

Борис Керімбаев, Ауған соғысының ардагері:

- Командир болып қалыптасу бағалауға тұрарлық борыш. Бірақ сонау Ауғанстанда командир болудың зор жауапкершілік екенін сезінетінмін. Себебі, адамдардың өміріне жауаптысың.

Борис Керімбаев Қазақстанда құрылып, Ауғанстанға жіберілген 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасақтың алғашқы командирі. 1982 жылдың мамыр айында Паншер шатқалын Керімбаев бастаған жасақ жарты жылға жуық уақыт қорғап шықты. Стратегиялық маңызды нүктені бағындыра алмаған душманшылар басшысы әйгілі Ахмед Шах Масуд «қара пәледен, қара майордан қашан құтыламыз» деп тіпті оның басы үшін 1 млн. афгани тіккен. Дегенмен, түбінде мәміле жасасуына тура келіпті. 

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы:

- 1982 жылдың шілдесінен бастап, 1984 жылдың сәуіріне дейін бірде-бір оқ атылмайды. Ал, ол кепілдікке жүгіну үшін ол жерде нағыз батыр азамат болуға тиісті. Міне, сол кезде дүрліккен Кеңес үкіметі біздің «қара майорға» жүгінеді.

Осылайша «мұсылмандар батальонын» басқарған «Қара майор» талай адамның өмірін сақтап қалды.

Талғат Солтыбаев, Ауған соғысының ардагері:

- Ауғанның тұрғындары кишлактарда жүргенде олар бізді көріп, мұсылман екенімізді танып «Қара майор», деп сұрайтын. «Қара майордың» балаларымыз деп айтатынбыз. Өзінің жауынгерлерін қатты жақсы көріп, өзінің балалары сияқты қорғап жүретін.

Борис Керімбаев 1948 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында туды. Ташкент жоғары әскери командалық училищесін тәмамдаған. Германиядағы кеңес әскері тобында мотоатқыштар взводының, кейін  барлау ротасының командирі болды. Офицерлік қызметтерін мінсіз атқарған. Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталінде жатқанда «қара майорды» бір күн бұрын ғана еліміздің әскери барлауы алдындағы еңбегі үшін министр Нұрлан Ермекбаев «Алтын үкі» төс белгісімен марапаттады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу