Жемқорлық фактілері азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлық фактілері азайған

07.02.2019

Елімізде былтыр тіркелген жемқорлық фактілері 2016 жылмен салыстырғанда 25 пайызға азырақ. 2018 жылды қорытындылаған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев осылай дейді.

Кешенді жұмыс, өзгерген форматтың арқасында жемқорлармен күрестің нәтижесі мол. Былтыр мемлекеттің қаржысына қол сұққандардың саны және мемлекеттік тапсырыстағы былықтарды анықтайтын жаңа жоба туралы келесі бейнематериалымыздан біле аласыздар.

Еліміздің жемқорларымен күресетін органның алқа отырысында алқашқы сөз қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне берілді. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы өз жобаларының жемісімен бөлісті. Мемлекеттік сатып алуларды онлайн түрде қадағалайтын арнайы бағдарлама арқасында миллиардтаған теңгенің заңбұзушылықтары анықталған.

Рахым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры:

- Өткен жылы бір тапсырыс беруші 29 млн теңгеге байқау жариялаған. Аяқталған соң, қосымша келісімшарттар арқылы жұмыс көлемі өзгермесе де, соманы 5 миллиард теңгеге дейін жеткізген. Біз құқық қорғау органдарына бұл бұзушылық туралы ақпарат бердік. Біз қоғамдық ұйым ғана болғандықтан, құқықтық қорытынды шығара алмаймыз. Тек осындай олқылықтарды анықтаймыз.

Бірінші бөлімде отандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері пікір таластырса, екінші бөлімді ведомство басшысы Алик Шпекбаев ауқымды баяндамамен қорытындылады.

Былтыр ел бойынша жемқорлықпен 1290 шенеунік ұсталған екен. Сондай-ақ, 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі әшкереленіп, 87 жүйелі жемқорлық фактісі анықталған. Қылмыстық жауапқа 288 лауазымды тұлға тартылды. Ал, мемлекетке келген шығын – 21 млрд теңге. Осы күнге дейін оның 89 пайызы өтеліпті.

Еліміздің жемқорларымен ең басты күрескері Алик Шпекбаев мемлекет қаржысына қол сұғатындарға «тойымсыз адамдар» деген баға берді. «Ал, мұндай шенеуніктерді болдырмау үшін ең қатал шаралар қолданған жөн», - дейді ол. Сондықтан күн өткен сайын бұл жұмыс күшейе түсетініне уәде етті.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу