Ақтауда 500-ге жуық үлескер баспанасынан айырылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда 500-ге жуық үлескер баспанасынан айырылып қалды

05.02.2019

Олар жергілікті «Ниет Строй Сервис» компаниясына екі жылдан бері қаржы салып келген. Алайда, баспаналы болам деген жұрттың басқайғысы көбейді. Компания құрылысты мерзімінде бітірмек түгілі, кейбір пәтерлерді бірнеше адамға сатқан. Жер сипап қалған жұрт ақыры құзырлы органдарға арызданды.

«Алаяқ компанияның жарнамасына сеніп, ақырында бармақ тістеп қалдым», - дейді Айсұлу Қожабаева. Осы жасқа дейін баспанасыз жүрген зейнеткер екі бөлмелі пәтер үшін 7 млн теңге қаржы салыпты.

Айсұлу Қожабаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- 120 мың теңгеден деді шаршы метрі, бөліп төлеуге болады деді. Енді далада қалмас үшін мына компанияға келіп жатырмыз.

Баспаналы боламын деп, барынан айырылған үлескерлердің саны 500-ге жуық. Олар қаржы салған үш тұрғын үйдің құрылысы былтыр бітуі керек еді. Алайда, іс алға баспады. Үйсіз қалғандардың арасында көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті аналар бар. Олардың бәрі қазір пәтер жағалап жүр.

Әбден сергелдеңге түскен үлескерлердің мәселесін жергілікті билік енді назарға алды.

Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:

- Мен осы мәселені шешуді тапсырдым. Осындай бірнеше компания бар. Қолынан келетін компаниялар бар. Ары қарай сала алмаймын деген азаматтарға ақшасын бірнеше уақыттың ішінде қайтарып беріңдер деп отырмыз.

Құрдымға кеткен құрылысты жергілікті компаниялардың бірі қайта жандандырмақ ниетте. Әзірге компания өкілдері тұрғындармен кездесіп, құжаттарымен танысып жатыр. Сондықтан тұрғын үйдің қашан салынып бітерін олар нақты айта алмады. Ал, тауы шағылған тұрғындардың үміт үзгісі жоқ.

Үлескерлердің шағымы бойынша құзырлы органдар «Ниет Строй Сервис» серіктестігінің қызметін тексеруге кірісті. Ал, дауға іліккен тұрғын үй құрылысының аяқсыз қалмауын әкімдік жанынан құрылған комиссия бақылауға алмақ.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу