Батыс Қазақстандық кәсіпкер өз қаржысына медициналық мекеме салып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстандық кәсіпкер өз қаржысына медициналық мекеме салып берді

04.02.2019

Азаматы бардың ауылы азбайды. Батыс Қазақстандық кәсіпкер өз қаржысына медициналық мекеме салып берді. Бұл Қазталов ауданына ауыл азаматтары тарту еткен үшінші фельдшерлік пункт. Елге жанашыр ерлер тек өзі үшін мал жинамай, өзгеге де болсын дейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да тың бастамаға түрткі болды.

Ақпәтерде ауыл азаматы жаңа медициналық мекемені тарту етті. Бұрынғысы апатты жағдайда болған. Туған жерге туын тіккен кәсіпкер ғимарат құрылысына 16 млн. теңге қаражат жұмсапты. Ұядай ғана мекенде емделушіге бар жағдай жасалған. Үш мейірбике жұмыс істейді. Ғимарат аудандық аурухананың қарауында.

Самат Хасанов, кәсіпкер:

- Үкімет көмектесіп жатыр, субсидиясын беріп жатыр. Кәсіпкерлерге жағдай жасап жатыр. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы.

Дәл осындай фельдшерлік пункт Әжібай ауылында да ашылды. Ағайынды азаматтар ғимарат құрылысымен қоса, суын, жылуын, жарығын өздері өткізіп берген. Ескі медпунктте құрал-жабдықтар тозған еді. Мұнда бәрі су жаңа. Жиһазын да қоса алған. Округтегі 1200 адам осында келіп ем-домын алады.

Гауһар Капезова, ауыл тұрғыны:

- Жақсы орталық салынды. Дән ризамыз. Келеміз, осылай күндізгі бөлімде ем аламыз.

Игі бастамаға ең алғаш мұрындық болған кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбайұлы. Екі жыл бұрын ол Сарықұдық ауылында дәрігерлік бөлімше салып берді. Сол-ақ екен тың идеяны өзге ауыл азаматтары да іліп әкетті. Ғимаратта фельдшерлік, акушерлік кабинеттер, екпе бөлмесі, күндізгі стационарға арналған орынжай бар.

Светлана Габдуллина, Сарықұдық медициналық пунктінің учаскелік мейірбикесі:

- Бұрынғы медпункт ескі болды, салқын болды. Кісі келгенде ыңғайсыз, емді көбіне үйден жасап жүрдік. Енді қазір науқастарға да қолайлы, маған да жұмыс істеуге ыңғайлы.

Өткен жылы бір ғана ауданда құны 90 млн. теңге болатын 43 жоба іске асты. Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша алда келе жатқан казталовтықтар биыл да жарқын істерімен елді қуантпақ.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу