Салыққа қарызы бар қазақстандықтарға үлкен рақымшылық жасалатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салыққа қарызы бар қазақстандықтарға үлкен рақымшылық жасалатын болды

31.01.2019

Жер, жылжымайтын мүлік, көлік үшін міндетті төлемді өтемегендердің жылдар бойы жиналған өсімпұлы мен айыппұлы толық алынып тасталады. Елбасы құзырлы органдарға осындай міндет жүктеді.

Мағжанға ата-анасы бірнеше жыл бұрын қозғалтқыш көлемі үлкен көлік алып берген. Студент кезінде салығын төлеу ойына да кіріп шықпапты. Қызметке орналасып, жағдайын түзегенше міндетті төлем еселеп көбейген. Өсімпұлы тағы бар. Кешегі Елбасының рақымшылық туралы айтқанын естіген ол біраз жеңілдік болатынын біліп, қуанып қалды.

Мағжан, қала тұрғыны:

- Өзім есептеп қарасам, 250 мың теңге шегерілейін деп тұр. Бұл мен үшін үлкен көмек. Енді қалғанын өзім жылдың соңына дейін жауып бітіремін.

Қазақстанда тура Мағжан сияқты 1 миллион 300 мың адамның салыққа қарызы бар. Жалпы, соммасы 17 миллиард теңге. Оның 5 миллиарды өсімпұл ретінде қосылған.

Бұған дейінгі Жолдауында Елбасы заңды тұлғалар үшін рақымшылық жасау міндетін қойған. Мұндай жеңілдікке 90 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі ілігіп отыр. Негізгі қарызын өтеген кәсіпкерлердің өсімпұлы 8 ақпаннан бастап алынып тасталады. «Жеке кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктің де жүзеге асатын уақыты алыс емес», - деп отыр мамандар.

Олжас Отар, Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:

2 ай ары кетсе, 3 айдың ішінде бұл қолданысқа енгізіледі деп күтіп отырмыз. Өйткені, заңға қол қойылады, ол ресми тіркеліп, ресми жарияланады. Бірақ, биыл рақымшылыққа барлық жеке тұлғалар ілігеді.

Мұндай рақымшылық жұмыстары бұрын да жүргізілген және оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, 2015 жылы жасалған жеңілдікке ие болған жеке кәсіпкерлердің қазір 67 пайызы жұмысын ойдағыдай жалғастырып жатыр. Мемлекетке қарыздары да жоқ. Сондықтан, мамандар биылғы науқан да халық үшін аса жағымды болады деп топшылап отыр.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу