Алматылық қоғам белсенділері 30 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық қоғам белсенділері 30 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті

30.01.2019

Азаматтық қоғамда ешқандай отбасы назардан тыс қалмайды. Сондықтан белгілі қоғам белсенділері қала билігімен бірлесіп, 30 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті. Қамкөңіл жандарды қуанышқа бөледі. Олар жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бір жылдық азық-түлікпен қамтамасыз ету сертификатын табыс етті.

«Алғабас-6» шағын ауданының тұрғыны Азамат Ермаханов анасы мен әпкесіне қамқорлық жасап жүрген азамат. 1-топтағы мүгедек болса да, сол шаңырақтың жалғыз асыраушысы. Осыны ескерген белсенділер оның отбасына қайырымдылық сертификатын берді.

Азамат Ермаханов, қала тұрғыны:

- Көпбалалы аналарға, мүгедектерге, жағдайы төмен кісілерге көмек беріп жатыр. Оларға Алла разы болсын деймін. Бастаған игі істері дами берсін.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің». Осы қағиданы берік ұстанған «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры игі бастама арқылы ізгіліктің қоғамымызды алға сүйрейтін іс екенін дәлелдеп жүр.

Қасым Қасабеков, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы:

- Азық-түлік жәшігін, көмегін алып жатқан жанұялар жыл бойы ақшаларын азық-түлікке жұмсамай, өзінің басқа да проблемаларын шешсе деген ойдамыз.

Мұқтаж отбасылардың тізімі Алматы қаласы әкімдігі мен қала мешіттерінен алынған. Шара аясында 30 отбасыға көмек көрсетілсе, енді бұл сан ай сайын еселенбекші.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу