Қазақстан мен Ресейдің журналистері екі елдің ақпараттық кеңістігі жайлы талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресейдің журналистері екі елдің ақпараттық кеңістігі жайлы талқылады

29.01.2019

Қазақстанның Ресейдегі, Ресейдің бізде қалыптасқан бейнесі қандай? Бүгін Мәскеу қаласында қазақ-орыс журналистері бірлесіп, осы және өзге де сауалдарға жауап іздеді. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен жиын кезінде ақпараттық саладағы әріптестік жайы талқыланды. Басқосуға қатысқан мамандардың айтуынша, екі елдің азаматтары бір-бірін дұрыс танып-білуі үшін Кеңес кезінен келе жатқан ескі стереотиптерден арылып, жаңаша зерттеуге кірісу керек. Себебі, әсіресе, Ресейдің ақпараттық кеңістігінде, қазіргі Қазақ елі, қазақтілді орта туралы обьективті көзқарас жеткіліксіз.  

Лев Белоусов, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Тарих факультеті деканының міндетін атқарушы:

- Екі елдің арасын жақындатудағы, шынайы образын қалыптастырудағы ақпарат құралдарының рөлі орасан. Сондықтан, алдағы әріптестігіміздің келешегі осы ақпараттық саясатқа байланысты болады деп ойлаймын. Бұдан бөлек, қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да баса мән беру қажет. Сол себепті, Ресейдің шекаралас аймақтарында Қазақстанның телеарналары да көрсетілуі керек.

Алтынбек Құмырзақ, E-History порталының редакторы:

- Біздегі мемлекеттік БАҚ контентіндегі қазақ тілінің үлесі 70 пайызға көбейген болатын. Сондықтан, жергілікті орыс басылымдары, Ресейдегі БАҚ өкілдері де, қазақ тіліндегі материалдарды қарамауы мүмкін. Алдағы уақытта егер орыс журналистері оқып, көріп, танысатын болса, онда біз туралы одан әрі жақсы, жағымды жағынан танып-біле алар еді.  

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу