Ақмола облысында мал бордақылау алаңдары көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында мал бордақылау алаңдары көбейіп келеді

29.01.2019

Өңірде 21 мың 500 ірі қараға шақталған 7 бірдей осындай кәсіпорын бар. Биыл оның бірқатары қуатын арттырып, өнім көлемін өсірмек. Айталық, Зеренді ауданындағы шаруа қожалықтары жыл соңына дейін малдың санын 3 есе арттыруды көздеп отыр.

Мәлік Ғабдуллин ауылының іргесіндегі мал бордақылау алаңында 5 мың ірі қара бар. Мұнда малды семіртудің тың тәсілдері қолданылуда. Берілетін азық та құнарлы. Зеңгі баба түлігінің салмағы 550 келіге жеткенде қасапханаға жіберіледі. 

Ернұр Айдаркин, қожалық басшысы:

- Осы мал бордақылау алаңының жанынан 1 киллометр қашықтықта тағы біреуін салуды бастадық. 2019 жылдың аяғына дейін 15 мың бас өсіреміз. Келешекте оны 100 мыңға жеткізу жоспарымызда бар. 

Сондай-ақ, жылына 25 мың тонна тұқым дайындайтын кәсіпорын құрылмақ. Ет комбинатының да қуаты еселенбек. Қазір өндірісті жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Енді күніне бұрынғыдай 20 емес, 80 мал союға мүмкіндік бар.

Серік Шайгөзов, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктері жұмыс істейді. Ірі қараны тапсырған кездегі таза салмағына субсидия беріледі. 1 килограммға 200 теңге. Ақмола облысы бойынша 2018 жылы 2500 малға ақша төленді. Биыл субсидия 17 мың ірі қараға қарастырылып отыр. 

Аймақта малды асылдандыру бағытында көп іс атқарылды. 2012 жылы сойылатын ірі қараның орташа салмағы 360 келі болса, қазір бұл көрсеткіш 400 келіге жетті. Асыл тұқымды бұқаларды қолдану арқылы халықтың қолындағы малдың да тұқымын жақсарту жоспары бар. Бұл –ішкі сұранысты да қамтып, етті сыртқа саудалауға да мүмкіндік береді. Биыл Ақмола облысы шетелге 2500 тонна сиыр етін саудаламақ. 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу