Шетелде білім алып жатқан жастар Қазақстанға оралып, мемлекет дамуына үлес қоспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде білім алып жатқан жастар Қазақстанға оралып, мемлекет дамуына үлес қоспақ

29.01.2019

«Жас маман»бағдарламасы әзірленіп, биыл елдегі жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетініне шетелдегі қазақстандық студенттер де қуанып жатыр. Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақ жастары Отанға оралып, елдің дамуына өз үлестерін қосуға асық.

Лейла Сати - Еуропаның білім, салық, статистика жүйесін жетік меңгерген маман. Бакалавриатты «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда, магистратураны Швецияда тәмәмдаған. Бір жыл бұрын Бельгияның Гент универсетінің грантын ұтып алып, «экономика және бизнесті басқару» мамандығы бойынша PhD қорғауға кірісті. Өзіне де өзгеге де талапшыл жастың алға қойған мақсаты бір - Отанға қызмет ету.

Лейла Сати, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

- Мен Қазақстанды өте сүйемін. Мен патриотпын. Әрине, Қазақстанға ораламын. Назарбаев университетіне оралып, профессор болғым келеді. Бүкіл жинаған білімімді келешек ұрпаққа бергім келеді.

Айжан Амангелді - автокөлік білгірі. Жапон тілінде еркін сөйлейтін қазақ қызын «Тойота» компаниясының басшылығы Алматыдағы кеңсесіне 4 жыл бұрын қуана жұмысқа қабылдаған. Білімімен, жауапкершілігімен көзге түскен жас маманды компанияның Еуропадағы өкілдігі бір жылға Брюссельде тәжірибе алмасуға шақырған. Қарт құрлықтың тың тәжірибесін игеріп жүрген Айжанның діттегені - Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібін дамытуға үлес қосу. 

Айжан Амангелді, «Тойота» компаниясының қызметкері:

- Біздің халық автокөліктер сатылатын кезде бензин не дизель автокөліктеріне қарайды. Мұнда көріп тұрғаныңыздай, халық гибрид автокөліктеріне талпынып жатыр. Бірден-бір үйренеріміз, гидридті автокөліктерді Қазақстанға алып келу. Бұл автокөліктердің қоршаған ортаға зияны аз.

Қазақ, орыс, жапон, ағылшын тілдерін жетік меңгерген маманға жарты жыл ішінде қарт құрлықтың бірқатар компаниясынан ұсыныс түскен. Бірақ, Айжан «елге қайтып, биыл жастарға берілетін мүмкіндікті толық пайдалансам», деп отыр. Әрі, өз орнын екі қолға бір күрек таппай жүрген еуропалық қыз-жігіттерге бермек. Статистикалық мәлімет бойынша, қазір қарт құрлықта 4 млн-нан астам жас жұмыссыз. Еуропалық одақ пен үкіметтік деңгейде ешқандай қолдаудың жоқтығынан ақылдыжастар АҚШ пен Азияға қоныс аударуда.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу