Әсіресе, соңғы екі айда келгендердің қатары көп. Алайда, ата жұртқа келген қандастарымыздың уақытша паналайтын жері жоқ. Дені жұмыссыз.
Әбдуләзімнің Ираннан көшіп келгеніне бір айға жуықтады. Жат жерде туып өскен жігіт елдегі тұрақсыздықтың кесірінен Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған. Иранда кәсіп ашып, ел қатарлы өмір сүрген Әбдуләзім ата қонысқа келгеніне еш өкінбейді. «Тек, бастапқыда қол ұшын берер жан болса», дейді.
Әбдуләзім Бегімбет, қоныс аударушы:
- Үйсіз-күйсіз жүрмін, жағдайым қиын. Жұмыс сұрап бардым, болған жоқ. Білемін, бәрі бірден болмайды. Жергілікті билік көмектесіп жіберсе, өз аяғымызға тұрып кетер едік.
Маңғыстауға көшіп келген қандастарға квота арқылы көмек көрсетілмейді. Бұдан бәрі хабардар. Әйтсе де, олар осы өңірге тамыр жаюға ниетті. Өйткені мұнда ағайын-туысы көп. Оған қоса, қаймағы бұзылмаған қазақы ортаға бейімделу оңайырақ көрінеді.
Ажарбибі Қазақ, қоныс аударушы:
- Әке-шешеміз осы жерде тұрған. Біз еліміз деп келіп жатырмыз.
1992 жылдан бері өңірге тек Ираннан 456 отбасы көшіп келген. Былтыр 144 адам, осы қаңтар айында 13 азамат көші-қон полициясына құжат тапсырған. Шеттен келген ағайын 2012 жылға дейін квота бойынша мемлекеттен арнаулы көмек алды. Жұмыспен қамтылды. Әр отбасыға баспана берілді. Алайда, кейін көшіп келгендерді баспанамен түгел қамтуға мүмкіндік жоқ.
Набат Баймұңалова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы» 2016 жылдан бастап әлеуметтік жатақхана болып өзгерді. Мұнда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға баспана алғанша паналауға мүмкіндік беріледі. Бірақ қазір ҚР азаматы болған адамдар жатақхананы әлі босатпай тұрып жатыр.
Ал, еліміздің солтүстік өңірінде азаматтарға мемлекет тарапынан квота бойынша арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Баспанамен қамтылып, кәсіп ашуына жағдай жасалады. «Ал, Маңғыстау облысына көшіп келгендер өз күшімен күнелтуі тиіс», дейді жергілікті билік өкілдері. Сондықтан көбі ағайын-туысты жағалауға мәжбүр.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.