БҚО-ның 3 ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ның 3 ауданында төтенше жағдай жарияланды

22.01.2019

Ақ қар, көк мұзда жылқылар тебіндей алмай жатыр. Биылғы қыс малға қиын соқты. Қалың қардың астынан азық іздеген жануарлардың тілерсегі қиылды. Шаруашылық иелеріне көмектесу үшін аудандарда арнайы штаб құрылды. Кейбір қыстақтарға көмек қолы жетпей жатыр.

Батыста биыл қыс ерте түсіп, төрт түлік мал қарашада қораға қамалды. Жылқы ғана тебінде. Бірақ желтоқсаннан қалың қар түсіп, соңы жаңбырға ұласты. Мұздақ тебіннің жағдайын қиындатты.

Жангелді Қажымұратов, шаруа қожалығының өкілі:

- Қыс қатты, қар қалың, жылқылар жайыла алмай жатыр. Жылқының аяғын қиып тастайды. Тебіне алмайды. Жабағылар құлап жатыр.

Әсіресе, Жәнібек-Казталов аудандарының шекарасындағы елді мекендер мен қыстақтарда жағдай ауыр. Қалың қардың әлегінен біздің түсірілім тобы да шалғайдағы қыстаққа жете алмай, шаруалар жайын телефон арқылы білдік.

Алтынбек Досжанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Қазір жол жоқ. Аршылды, түнде қайта боран болды. Жылқы тебінде, далада. Оған жете алмай жатырмыз. 30-40 шақырым жерде. Трактор жүре алмайды.

Қалыптасқан жағдайға орай бірнеше ауданда арнайы штаб құрылды. Мәселен, Казталов ауданында 457 қыстақта мал ұстайды. Жылқының дені тебінде. Тек әлжуазын қораға қамайды. Ал, бұл жем-шөп қорына қосымша күш.

Нұридден Құтқожин, Казталов ауданы әкімінің орынбасары:

- Қар қалың. Сондықтан тиісті «К-700»-пен шаруа қожалықтарының көмегінің арқасында жанар-жағармай жинап, қосып, жылқыларды сорға қарай айдауға мәжбүр болып отырмыз.

Дегенмен, кейбір ауданда құрылған штабтардың күші қыстақтарға жете алмай отыр. Өңірдің үш ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Нұргүл Мұқанова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:

- Казталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Әлеуметтік желіде жәнібектік шаруалар құлап жатқан жылқысын 50-60 мыңға сатып жатыр деген мәлімет тарады. Бұл ақпаратты ресми органдар растамады.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу