Алматы облысының Кеген ауданында жол салған жұмысшылар 2 жылдан бері еңбекақыларын алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Кеген ауданында жол салған жұмысшылар 2 жылдан бері еңбекақыларын алмаған

22.01.2019

Арнамызға Алматы облысы Кеген ауданында жол салып, бірақ еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар хабарласты. Олардың кейбірі «ақшамызды екі жылдан бері күтіп жүрміз», дейді. Бір қызығы, жұмысшылар сотқа арызданып, оны жеңіп шыққан. Бірақ жауапты компания сот шешіміне де құлақ аспай отырған көрінеді.

Бұл кісілер Алматы облысы, Кеген ауданы, Ақсай ауылындағы жол құрылысында істеген. «Тапсырманы уақытында орындағанымызбен, еңбегіміздің ақысын ала алмай жүрміз», дейді олар. Әрқайсысының орта есеппен 500-600 мың теңге көлемінде алажағы бар.

Есіл Әкімжанов, жұмысшы:

- 2 жыл болды. Жалақымызды ала алмай отырмыз. Ештеңе төлеген жоқ.

Сұлтан Қалмақбаев, жұмысшы:

- Айлықты береміз деп уәде берген. Аванс ретінде 10 мың, 15 мың береді. Толығымен бермейді.

Ақшасын даулаған жұмысшылар «Global construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне үнемі келеміз, бірақ кеңсенің есігі өмірі жабық тұрады», дейді. Бүгін де ешкім болмады. Ал, бізбен телефон арқылы ғана тілдескен компания басшылығы қарызды қашан қайтаратынына нақты жауап бермеді. Керісінше, демалыста жүргенін айтты.

Зәуре Диханбаева, жұмысшы:

- Қолдарыңнан келгенді істеңдер, сотқа берген күннің өзінде де сендерге еңбекақы төлемейміз дейді. Несиемізді төлей алмай отырмыз.

Мәселеге қатысты Алматы қалалық Еңбек инспекциясына былтыр 20 адамнан арыз түскен. Содан кейін компанияға 8 рет тексеру жүргізілген. Инспекторлардың айтуынша, «Global construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылардың алдындағы қарызы 6 миллионнан асады.

Алмат Қалдыбаев, қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің тарапымыздан жұмыс берушіні бірнеше рет Әкімшілік кодекске сәйкес айыппұлға тартқанбыз. Барлық айппұлдардың көлемі қазір 1,5 миллионға жетіп тіреледі.

Еңбек инспекциясының өкілдері бұл мәселені үнемі бақылауда ұстайтынын жеткізді. «Бірақ жұмысшыларға күте тұруға тура келеді», дейді. Ал, олардың кейбірі еңбекақысын 2017 жылдан бері күтіп жүр.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу