Тарбағатай өңірінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып жатқан жастар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатай өңірінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып жатқан жастар көп

22.01.2019

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданына жыл санап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы еңбек етуге келетін жастар қатары көбейіп келеді. Қазір аудан ауылды жерлерде еңбек жолын бастап жатқан жастар саны жағынан облыста көш бастап тұр. Қазір онда 100-ге тарта жас жемісті еңбек етіп жатса, биыл тағы 50-ден астам маман бармақшы.

Оқуды қызыл дипломмен аяқтаған химия пәнінің мұғалімі Әйгерім Болатқызы 2 жылдан бері Ақсуат ауылындағы мектепте жұмыс істеп келеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтерме қаржы алып, төмен пайызбен үйге қол жеткізген.

Әйгерім Болатқызы, химия пәнінің мұғалімі:

- Мен өзім ауыл жастарына, қалада қалғымыз келеді деген жастарға, ауылға келіңіздер деп айтқым келеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өте тиімді.

Рауан Байахметов те жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп отыр. Көз дәрігері мамандығы бойынша оқуын тәмамдай сала, туған ауылына тартқан. 3 жылға жуық еңбек етіп үлгерген ол қазір ең беделді маманның біріне айналды.

Рауан Байахметов, көз дәрігері:

- Соңғы бір-екі жылда жастар ауылға көбірек келіп жатыр. Өйткені, ауылға көп көңіл бөлініп жатыр. Жастардың ауылда жұмыс істеуге ынтасы бар.

Шекаралас Тарбағатай ауданына әлі де 70-тен астам маман қажет. Әсіресе, ұстаздар, дәрігерлер мен ауылшаруашылық саласының мамандары тапшы. Сондықтан аудан басшылығы Өскемен мен Семейдегі оқу орындарын аралап, студенттерге ауылда жұмыс істеудің артықшылығын насихаттауда.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Аудан туралы фильм түсіріп, көрсетіп жатырмыз. Ауданда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы. Парктерді, фонтандарды, Мәдениет үйіндегі шараларды. Ертең жастар келгеннен кейін бірдеңемен айналысуы керек қой. Үй береміз.

Аудан басшылығы «кадр тапшылығы мәселесі биыл да біршама шешіледі», деп отыр. Өйткені «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келетін жастар үшін 180 млн теңге ақша бөлінген. Ал, облыстық бюджеттен 970 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Жалпы, облыс көлемінде биыл 256 жас маман ауылға аттанбақ. Оның 50-і Тарбағатай өңірін таңдап отыр.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу