Оның аясында апта сайын әр ауылда жастар бас қосып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Алғашқы болып, Сарға ауылының жастары белсенділік танытты. Жоба - жол картасына енген 100 шараның бірі. Одан бөлек, биыл өңірде бірнеше халықаралық жиын, спорттық жарыстар мен ауқымды мәдени шаралар өтпек.
Ауылдағы жігерлі де белсенді жастың бірі - Сайөтес елді мекенінің тұрғыны Қанат Әбдиев. Қарапайым жұмысшы елдегі жастардың басын қосып, көшеге жарық шамдар орнатты, балалар ойын алаңы мен футбол алаңын салып берді. Жеткіншектерді барынша спортқа баулып, қанаттандыра түсу үшін ауылдағы үздік деген спортшы жасөспірімдердің суреттерін көшеге ілді.
Ерлан Балиғатов, Сайөтес аулының тұрғыны:
- Қанат Әбдиев жас болса да, үлкен істің басын бастап, балалар үшін ауыл ортасынан ойын алаңын салды. Жастарға алғысымыз шексіз.
Қанат бастаған жастар енді көрші Боздақ ауылына балалар ойын алаңын салып беруді көздейді.
Қанат Әбдиев, тракторшы-оператор:
- Бастауыш сынып оқушылары үшін балалар ойын алаңын салып беру жоспарда бар. Кәсіпкерлер, мекеме басшылары көмектессе, қол жұмысын біз өзіміз жасап, ары қарай бітіреміз.
Биыл ауыл жастарына мүмкіндік көп. Соның бірі елді мекендерде коворкинг орталықтары ашылмақ. Әзірге мұндай мекеме тек Ақтауда ғана жұмыс істеп тұр.
Досан Жеткізген, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
- Осындай мүмкіндікті ауыл жастары алса екен дейміз. Өйткені, ауыл жастарында үлкен потенциал бар. Қазір аудан, қала әкімдіктеріне тиісті ұсыныстар жолданды.
Бұған қоса, биыл өңір жастарына 1 млн теңге көлемінде гранттар қаралған. Ол үшін бірнеше адам бірігіп, әлеуметтік жоба ұсынуы қажет.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.