Балқашта медколледж студенттері үшін 300 орындық жатақхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқашта медколледж студенттері үшін 300 орындық жатақхана ашылды

10.01.2019

Балқаш қаласындағы медициналық колледждің студенттері жатақхана тапшылығынан біржола құтылды. Бұрынғы жатақхана 90-шы жылдардағы тоқырау тұста консервацияға қойылған еді. Ұзақ уақыт қаңырап тұрған ғимарат былтыр «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде бөлінген қаржыға жөнделді.

Шет ауданының тумасы Айдана Айтжан 2016 жылы Балқаш қаласындағы медициналық колледжге түскен. Оқу орыны жанында жатақхана болмағандықтан, екі жыл пәтер жалдап тұрды. «Айына 40 мың теңге пәтерге төлеуді кез келгеннің қалтасы көтере бермейді», дейді студент.

Айдана Айтжан, студент:

- Бастапқыда жатақханада тұрмаған едім. Пәтер жалдадым. Өте қиын болды. Қымбат. Жақында жатақхана ашылып, жағдай жасалған соң, осында көшіп келдім.

Жатақхананы қайта қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген. Ол қаржыға ғимараттың іші-сырты толықтай жөнделді. Бұған қоса жергілікті бюджеттен тағы қосымша 25 миллион теңге қаражат қарастырылып, студенттер тұрағы жиһаз бен тұрмыстық техникамен жабдықталды. Мұнда 300 студентке орын бар. Бұл колледж студенттерінің жатақханаға деген сұранысын толық қанағаттандырады.

Серік Пішенбаев, медициналық колледж директоры:

- «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» бойынша тамаша бағдарлама келді. Соның ішінде жастарға жатақхана беру мәселесі алға қойылды. Сол себепті біздің жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Енді студенттеріміз келешекте жақсы оқып, жетістіктерге жетіп жатса, соған қуанамыз.

Жалпы, ел көлемінде 30-ға жуық медициналық колледж болса, Балқаштағы оқу орны үздіктер қатарында. Мұнда еліміздің Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарынан да студенттер оқиды. Қазір 550 шәкірт мейірбике, емдеу ісі, фармацевтика, тіс дәрігері және зертханалық диагностика сынды мамандықтар бойынша білім алуда. Сондай-ақ, жатақхананың 5-ші қабатынан колледжде қызмет ететін 16 жас маманға қызметтік пәтерлер берілді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу