Сыртқы істер министрлігі Таиландта демалып жатқан қазақстандықтарға ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыртқы істер министрлігі Таиландта демалып жатқан қазақстандықтарға ескерту жасады

03.01.2019

Таиландта соңғы 50 жылда болмаған дауыл соққалы тұр. «Пабук» деп аталатын тропикалық дауыл Спратли аралдарының оңтүстік-батыс жағынан Сиам шығанағына жақындап қалған екен. Болжам бойынша Таиландқа қаңтардың 4-5-і жетуі ықтимал. Сондай-ақ, бұл күндері көптеген провинцияда нөсерлі жаңбыр жауады. Қаңтардағы демалыс кезінде қазақстандықтар жиі таңдайтын бағыт осы тропикалық ел болғандықтан, Сыртқы істер министрлігі отандастарымызды ескертіп қоюды жөн санады. Ведомство алда-жалда апатты жағдай орын алса, не қандай да бір көмек қажет болса, Таиландта жүрген қазақстандықтар елшілікке хабарласауларын сұрайды. Әлеуметтік желілерде кей отандасымыз демалысты уақытынан бұрын доғарып, елге орала бастағандарын хабарлап жатыр. Ал Таиланд аумағында қазір нақты қанша қазақстандық бар екені белгісіз. Консулдыққа тек 35 отандасымыз ресми тіркелген екен.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазақстандықтар жергілікті биліктің талаптарын орындаулары керек. Аман-есен елге оралуын тілейміз. Біздің елшіліктің дипломаттары жергілікті билікпен байланыста. Төтенше жағдай органдарымен байланыста. Егер бір жағдай болса, дереу көмек көрсетуге барады.

Альбина ӘШІМ

 «YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу