Жыл қорытындысы. «Aqparat» жүздеген түтіні бар ауылдардағы түйткілдердің шешілуіне түрткі болды
Ұлттық арнадағы басты бағдарламалардың бірі - «Aqparat»-тың да 12 айда атқарған жұмысы аз емес. Біздің жаңалықтарымыздан шыққан бейнематериалдар бір адамның ғана емес, тұтас бір ұжымның, жүздеген түтіні бар ауыл түйткілдерінің шешілуіне түрткі болды. Тілшілеріміздің бір жылда тыңдырғанын тиянақтап, көрерменге көмегі тигендерін сұрыптап алдық. Ендеше назарларыңызға ұсынамыз.
Ұжымы 200 адамнан асатын «Астана жарық» компаниясы жұмысшыларының шашбауын көтеріп, серіктестіктің басшылығына барған едік. Бұл еңбегіміз зая кетпеді. Эфирден көрсеткен сюжетімізден соң келесі күні жүздеген жұмысшы жалақысын алды.
Ал, мына көрермендеріміз интернет алаяқтарының арбауына түскен еді. Сюжет әзірлеу барысында бұл компаниядан жүздеген адам зардап шеккенін және олардың айланы қалай асырғанын анықтадық. Ұтқанымыз, компания алданғандарға ақшаларын қайтарды. Ал, «Қазпошта» оларды «қара тізімге» енгізді.
Көрерменнің алғысын аймақтағы әріптестерім де алды. 400 түтіні бар тұтас ауылды көшіріп, игі іс жасаған кәсіпкер бір жыл бойы ақысын ала алмай жүрген-тін. Ондаған көлік жалдап, Березовка ауылының тұрғындарын Ақсайға қоныс аудартқан азаматтың еңбегі біздің арнамыздың тілшілері араласқан соң ғана еленді.
Ал, Қарағанды облысында фермерлердің мәселесі шешілді. «Сыбаға» бойынша несие алған шаруалардың Ұлттық арнаға жасаған шағымынан соң, бағдарлама талаптары жеңілдеді.
Думан Оспанов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- 25 пайыздық айыппұл. Қаржыны басқа мақсатта жаратқан жағдайда ғана сондай талап қоямыз. Бұл шартта көрсетілген. Ал, егер де қазір малды таппай жатқан жағдайда құжаттарында уақытын созып беруге мүмкіндік қарастырылған.
Мигранттар мәселесі де назарымызда болды. Арна тілшісінің Оңтүстік Кореяға арнайы барып, заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар туралы жасаған эксклюзив материалы қоғамда қызу талқыланды. Осының арқасында 1000-ға жуық отандасымыз елге оралды. Қазақстан Үкіметі еңбек миграциясын заңдастыруға кірісті.
Көмекке мұқтаж жандар жайлы көк жәшіктен көрген көңілі көлдей көрерменнің арқасында бір жыл ішінде талай адамға демеу болдық. Сырқаттардың еміне ақша жиналса, үйсіз-күйсіздерге пана табылды.
Батыр ана Гүлбану Ысқақова жеті баласымен бірге бұған дейін ескі моншада тұрған еді. Көптің арқасында бір жыл ішінде үй тұрғызылып, енді, міне, олар жаңа жылға жақсылықпен қадам басқалы тұр.
Осылайша, ұлтпен бірге ұлы істерді атқарған Ұлттық арна жаңа жылда да жаныңыздан табылуға дайын.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
