Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі отбасы баспаналы болды

28.12.2018

Жаңа жыл - асқақ армандар орындалатын кез. Осы орайда, Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандардың көптен аңсаған үлкен арманы дәл осы жаңа жыл қарсаңында шындыққа айналды. Жергілікті кәсіпорындардың бірі 5 миллион теңге бөліп, олардың баспана алуына көмектесті. Марал мен Натальяны жергілікті билік өкілдері құттықтап шықты.

Марал мен Наталья Исқалиевтер тағдырдың қатал сынына ұшыраса да, мойымады. Бірі қоларбаға таңылса, екіншісі балдаққа сүйенген. Олар 3 жыл бұрын мүгедектер мен қарттарға арналған интернат үйінде танысып, көңіл жарастырған. Ерлі-зайыптылар үшін бүгінгі күн – ұмытылмас күн. Өйткені, жаңа баспанада алғашқы құрметті меймандарын қарсы алды.

Марал Исқалиев, қала тұрғыны:

- 2012 жылы қаладағы Мүгедектер мен қарттар үйіне өз еркіммен бардым. Жол-көлік апатынан кейін қолым, аяғым жұмыс істемей қалды. Екі қызым бар. Әйеліммен ажырасқанмын. Натальямен сол жерде таныстым. 2015 жылы некемізді қиюға бел будық. Содан соң, мүгедектер үйі басшылығынан бір бөлме сұрап, Наталья кәсібін бастап кетті. Өз үйімізді алуға ақша жинай бастадық.

Екі бөлмелі пәтерге қажетті қаржының 3 миллион теңгесін ерлі-зайыптылардың өздері жинаған. Одан әрі мүмкіндіктері болмаған соң амалсыз жергілікті билік өкілдерінен көмек сұраған. Міне, жаңа жыл қарсаңында олардың асқақ арманы орындалып отыр.

Сұлупан Шынтасова, Ақтөбе қалалық Мәслихатының хатшысы:

- Мына жандарға қарап отырып, өмірге деген құлшыныс арта түседі. Наталья жазда бізге хат жазғанда, біз барлық демеушілерден көмек сұрадық. Соның ішінде «Қазхром» кәсіпорны басшылығы өтінішімізді жерде қалдырмады. Облыста әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі шара - соның бір бөлігі.

Наталья тігіншілікпен айналысады. Қолынан шыққан бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы сатып, пайда тауып отыр. Әулетті құттықтап келген өңір басшысы Марал Исқалиевке мүгедектер арбасын, ал отанасына тұрмыстық техника сыйлады.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу