Қатты аязға байласты Астана маңындағы елді мекендерге көліктер қатынамай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатты аязға байласты Астана маңындағы елді мекендерге көліктер қатынамай қалды

25.12.2018

Астанада сақылдаған сары аяз. Қатты суықтың салдарынан 1-11 сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды. Алайда, бәрінен қала маңындағы ауыл тұрғындарына қиын болды. Олар таңмен таласа шаруаларына шығып, қалтырап далада қалды. Өйткені, қоғамдық көліктер 27 елді мекенге қатынамай қалды.

Иә, бүгінгі аязға адам түгілі техника да шыдар емес. Міне, дәл осы себепті «Қазавтожол» компаниясы мен жергілікті полиция қызметі кеше кешкісін Астанадан шығар бағыттың бәріне тасымалды тоқтатқан. Соған сәйкес, Төтенше жағдайлар департаменті тасжолдардың жабық екенін ескертіпті.

Аягөз Фазылова, Астана қалалық ТЖД ресми өкілі:

 - Әсіресе, қоғамдық көліктер, дизельді жағармаймен жүретін көліктер және жүк көліктерін шығаруға тыйым салынады. Ал, негізі Астана қаласы маңындағы 25-30 шақырым қашықтағы жергілікті ауылдарға жеңіл көліктерді шығаруға рұқсат беріледі.

Сонымен, қаладан 50 шақырым радиуста қоғамдық көліктер 27 елді мекенге қатынамады.

Бейбіт Есжанов, «Астана LRT" ЖШС басқармасы төрағасының орынбасары:

- Автобустар қыс айларына 100 пайыз дайын. Бірақ, ауа райына байланысты қозғалысты шектегенде біз оны орындаймыз. Себебі, дизельмен жүретін болғандықтан, қатып қалуы да мүмкін. Аяздан есіктерінің жабылуы қиындайды. Осындай техникалық ақаулар болады. Дегенмен, оны дереу шешу үшін қосымша күш бар.

Далада жайдан-жай тыныстап жүру мүмкін емес. Суық. Адамдар сол себепті ық жерді іздейді. Мысалы, мына жылы аялдаманың іші лық толы. Бірақ, осының өзі автобус күтушілердің саны көп болғандықтан жеткіліксіз. Сол себепті, қазір қаланың 10 шақты жеріне қосымша автобустар қойылып жатыр. Міне, сондай бір орын дайындалу үстінде.

Бүгін күн райы -30, ал жел екпінімен -38 градусқа дейін жетті. Сондықтан, оқушыларға сабақ тоқтатылды. Бұған қоса Төтенше жағдай департаменті мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне, базарлар мен құрылыс нысандарына жұмыс күнін қысқартуды ұсынды. Сарышұнақ аяз әлі де жалғасады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу