Қарағандылық кәсіпкер шемішке қабығына саңырауқұлақ өсіруді қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық кәсіпкер шемішке қабығына саңырауқұлақ өсіруді қолға алды

24.12.2018

Ол өз фермасын Топар кентіндегі жылыжай кешенінде ашқан. Саңырауқұлақты мұндай әдіспен өсіру өте тиімді. Қазірдің өзінде айына 9 тонна өнім алады.

Қарапайым полиэтилен қапшықтарға толтырылған шемішке қабығынан саңырауқұлақтар қаулап өскен. Әдісі өте қарапайым. Ыстық суға шемішке қабығын буландырып, кейін мицелиймен араластырып, пакеттерге салады. Сөйтіп, сөреге қояды. Үш күннен соң саңырауқұлақтардың өсіп шығуына ерік беру үшін қапшықтарды бірнеше жерден тіледі. Алғашында қылтиып шыққан өсімдік 20 күнде жайқалып шыға келеді.

Арнұр Әбдісаламов, бағбан:

- Жылы температурада 9-10 күн тұрады. Сосын өсу зонасына көшіріледі. Сол өсу зонасында тағы 10 күндей тұрады. Ауа температурасын үнемі қадағалаймыз.

Бір еккенде мына қапшықтардан 5 мәрте саңырауқұлақ жиналады. Ал, бір айда 9 тонна өнім алынады. Оның бір келісі 800 теңге. Кәсіптің көзін дәл тапқан Әлия Жұматаева бұл жетістікке мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізді.  Ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге грант алған.

Әлия Жұматаева, кәсіпкер:

- Дүкендерде шетелдік саңырауқұлақтар самсап тұр. Бағасы да қымбат. Импортқа тәуелді болмау үшін саңырауқұлақ өсірсек деген ой келді. Алдымен Алматыда технолог маманнан күтімін үйреніп алдым. Кейін Саратовтағы кәсіпорында курстан өттім. Қазір тәжірибемді арттыра түсу мақсатында Ресейдегі ірі саңырауқұлақ өсірушілердің жиындарына қалмай қатысып жүрмін.

Сағырауқұлақ өсіретін шаруашылық өңірде әзірге осы ғана. Алты адам еңбек етеді. Дәруменге бай өсімдікке сұраныс зор. Әсресе, қант диабетімен ауыратындар оны жиі тұтынады. Келешекте кәсіпкер өнімнің тұздалған және тартылған дайын түрлерін саудаға шығармақ.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу