Ақтауда трансформатор зауыты іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда трансформатор зауыты іске қосылды

21.12.2018

Жоба индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асты. Кәсіпорын жылына 4,5 мың дана трансформатор құрастыруға қауқарлы. Бұл өңірдің сұранысын толық қамтуға әрі экспорттауға  жетеді. Отандық өнім еліміздегі шикізаттан өндіріледі.

Бригададағы 5 адам күніне 4 трансформатор құрастырады. Соның бірі электр монтаждаушы Жанболат Елмұхамбетов зауыт жұмысымен студент кезінен таныс. Ол мұнда «Жаңа серпін» бағдарламасы арқылы орналасқан.

Жанболат Елмұхамбетов, электр монтаждаушы:

- Колледж бітіргеннен кейін осы мекемеге жұмысқа орналастым. Бұл жұмыста біз 6 және 10 киловатты трансформатор жинаймыз. Жұмыс барысы автоматтандырылған және жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.

Зауытта 40 түрлі өнім шығарылады. Кез келген мекемеге қажетті электрқалқанды жабдықтар мен трансформаторлық қосалқы станциялардың бірнеше түрі бар. Еуропалық жоғары сапалы технологиямен дайындалатын өнімге сұраныс та артқан.

Ораз Бектұтаев, зауыт директоры:

- Бізге кадр жетіспейді. Сондықтан, қазір Есенов атындағы университетпен және колледжбен меморандумға қол қоямыз. Практикаға студенттерді алып, осы жерде оқытып, бізге дайын кадр қылып қалдырамыз. Қазіргі таңда 70-150 адам болса, одан әрі көбейтеміз.

Кәсіпорын кәдімгі трансформаторға қарағанда бетонды қосалқы станцияны көбірек шығаруды көздеп отыр. Өйткені, бұл өнім 20 жылға дейін мінсіз қызмет етеді. Басты ерекшелігі, тот баспайды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- Қазір зауытта 300 дана өнім дайын тұр. Олар қосалқы станциялар мен сыртқы толық трансформатор жабдықтары. Бұл өнімдер алдағы күндері өңірді электрмен жабдықтау мекемелеріне, мұнай және құрылыс компанияларына жеткізеді. Зауыт басшылығы болашақта өндірілген өнімнің 50 пайызын Иран, Түрікменстан мен Әзірбайжанға экспорттауды жоспарлап отыр.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу