Алматыда зорлық көрген балаларға арналған арнайы тергеу бөлмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда зорлық көрген балаларға арналған арнайы тергеу бөлмесі ашылды

20.12.2018

Зорлық-зомбылық көрген балалардың психологиясына назар аудару қажет. Осылай деп дабыл қаққан қоғам белсенділері жәбір көрген жеткіншектерге арнап арнайы тергеу бөлмесін ашты. Яғни, бұрынғыдай баланы қылмыс болған орынға немесе күдіктімен бетпе-бет жүздестірмейді. Барлығы тергеуші және психологтың қатысуымен оқшау бөлмеде жүргізіледі. Себебі, зорлық-зомбылық құрбаны өзін жәбірлеген жандардан алыста отырса да, ашылып сөйлемейді. Әзірге пилоттық жоба Алматы бойынша Бостандық ауданында жұмысын бастады. 

Зорлық-зомбылық көрген немесе қылмысқа куә болған балалардың психологиясын қорғауымыз қажет. Бұл - журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұстанымы. Түрлі тақырыпқа қалам тартатын тілші қиындыққа тап болғандардың тағдырына алаңдаулы. Сондықтан, Ішкі істер министрлігіне тергеу ісін балаларға арналған арнайы бөлмеде жүргізуді ұсыныпты.

Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі:

- Балалардың психикасын қорғау үшін іздендім. Эстония елінде осы жаңа методиканы Еуропа елдерінен алған. Балалар өздерін емін-еркін сезіну үшін осындай ерекше бөлмелер жасалған. Зорлық жасаған адамды көрмеу үшін бұлардың көбі сөйлеуге ұялады.

Идея авторлары - Жанна Ахметова мен Сандуғаш Дүйсенова Эстониядағы тәжірибені тыңғылықты зерттеген. Шетелдік мамандар Қазақстандағы әріптестеріне көмектесуге дайын. Тергеушілерге наурыз айында психолог болудың қыр-сыры үйретілмек.

Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі:

- Бұлардың тергеушілері психолог мамандығын алған. Психологтарға қосымша тергеушінің жұмысын түсіндіріп берген.

Мамандардың пікірінше, баланы моральдық тұрғыдан қолдау тиімді әдіс. Зорлық-зомбылық көрген баланың бойын үрей билейтіні анық. Оқшау бөлме жәбір көрген баланың жан-дүниесінде тыныштық орнатады. Ол өзін қауіпсіз жерде екенін сезінеді. Сондықтан, бөлменің безендірілуіне мән беру өте маңызды. Мұның барлығы тергеу ісіне әсер етері сөзсіз.

Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

- Жыл басынан бері Алматы қаласында 3 бала зорлау дерегі орын алған болатын. Осы 3 қылмыстың екеуі әлі тергелу үстінде. Алматы қаласы ірі мегаполис болғандықтан, бұл қалада орталық аудандардың бірінде бұл жаңашылдықты енгізу өте өзекті.

Әзірге тергеу кезінде балаларды жәбірлеушіден оқшаулайтын пилоттық жоба Талдықорғанда қолданысқа енгізілді. Алматыдағы 8 ауданнан өзге, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Ақмола облысында оқшау бөлме ашылады. «Алматыда жеткіншектердің көмегімен ашылған қылмыс аз емес. Алайда, арнайы статистика жүргізілмейді. Көбіне тәртіп сақшыларына 4-5 жастағы балалардың жәрдемі тиеді», - дейді Ішкі істер бөлімінің мамандары.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу