Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтер бағасы төмендедейтін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтер бағасы төмендедейтін болды

20.12.2018

Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтер бағасы біраз қымбаттауы жоспарланған. Алайда, Президент тапсырмасынан кейін тариф керісінше төмендедейтін болды. Монополияға қарсы қызмет осындай мәлімдеме жасады. Белгілісі, жаңа жылдан бастап жылу мен жарыққа, көгілдір отынға баға төмендейді. Мысалы, ауданы 60 шаршы метр болатын пәтердің коммуналдық төлемі Алматы қаласында қазіргіден 1300 теңгедей арзандаса, петропавлдықтар қазіргіден 300 теңгедей арзан төлейтін болады.

Монополияға қарсы қызмет Президент тапсырмасы болмаса, тариф жаңа жылда біраз қымбаттайтын еді дегенді айтты. Министрлік бір айда бағаны ауыздықтап, оның бетін бері қайтарған. Қала тұрғындары алдағы ақпан айынан бастап бағаның төмендегенін сезіне бастайды. Жылу бағасы 2-ден 15 пайызға дейін арзандайды. Ауызсу 3-тен 22 пайызға дейін төмендейді. Ал, көгілдір отын құны 17,5 пайызға дейін арзандайды. Ал, бұған дейін 12 пайызға қымбаттайды деген электр энергиясының тарифі сол күйінде қалмақ.

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- 1 қаңтардан бастап біз тарифтердің кейбір өңірлерде 7 пайызға дейін инфляция шеңберінде өсуін күтіп едік. Бірақ, сол өсуді тоқтатып, тарифтерді өсірмей, төмендетіп жатырмыз.

«Тарифтің төмендегенін әсіресе, алматылықтар сезеді», - дейді вице-министр. Мысалы, Алматы қаласындағы екі бөлмелі пәтердің ауданы 60 шаршы метр делік. Қазір айына  орташа төлем 14 483 теңге. Ақпан айында бұл төлем 1353 теңгеге арзандайды. Дәл осындай пәтер Петропавлда делік. Қазір айына 10 857 теңге төлесе, жаңа жылдан бастап бұл төлем 383 теңгеге арзандайды. 

Валентина Рукавишникова, қала тұрғыны:

- Биыл Президенттің тапсырмасынан кейін жарықтың бағасы арзандады. Келесі жылы тағы да төмендетеді деп жатыр. Әрине, бұл қарапайым халық үшін қуанышты жағдай.

Татьяна Бычкова, қала тұрғыны:

- Арзандатқаны жақсы ғой әрине, бірақ, «Коммунхоз» кәсіпорны бағаны қымбаттатты. Осы айда бір адам үшін 120 теңгенің орнына 250 теңге төледік. Басқаларының бағасы сол қалпы.

1 қаңтардан бастап коммуналдық түбіртектердің мазмұны да өзгермек. Енді онда жарық пен жылу немесе басқа да қызметтердің бағасы не себепті арзандағаны немесе қымбаттағаны міндетті түрде көрсетілетін болады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу