СҚО-да кәсіпкер туған ауылын көркейтіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да кәсіпкер туған ауылын көркейтіп отыр

19.12.2018

Теріскейдегі Ресеймен шекаралас Ноғайбай ауылы соңғы жылдары көркейіп келеді. Жергілікті кәсіпкердің іскерлігі арқасында жыл асқан сайын әлеуметтік нысандар қатары көбейіп, үй-үйге су тартылды. Осылайша, тұрғындардың тұрақтап қалуына барынша жағдай жасалуда. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда талай ауылдың тоз-тозы шығып тарап кетсе, ноғайбайлықтар керісінше керегесін кеңге жайды. Соңғы жылдары ауылда оннан астам жаңадан үй бой көтеріп, сырттан тұрғындар көшіп келуде. Өйткені, ауылдағы шаруашылықтың әлеуеті жоғары. Жыл сайын елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға 60 миллион теңгеден астам қаражат жұмсайды.

Байқошқаровтар отбасы былтыр Ноғайбайға Жамбыл облысынан көшіп келген. Бүгінде отағасы жергілікті шаруашылықта, жұбайы дүкенде еңбек етеді. 5 балалы жанұяға кәсіпкер жаңа үй беріп, ауылға сіңісіп кетуіне барынша қолдау көрсетті.

Серік Байқошқаров, ауыл тұрғыны:

- Жұмабаев ауданында осы Ноғайбай қатты ұнады. Күтіп алуы да жақсы болды. Мынандай үй беріп жатқаннан кейін қуанышымызда шек болмады. Жұмысымыз бар, механизатор болып істеймін.

Қазір шаруашылықта 60-тан аса адам жұмыс істейді. Басқа қожалықтарда негізінен маусымдық жұмыстар ғана болса, мұнда жергілікті тұрғындар қысы-жазы үздіксіз жалақы алады. Сол себепті, де ауылға көшкісі келетіндер көп.

Алтынбек Сапаров, кәсіпкер:

- Халықпен бірге істеліп жатқан жұмыс. Олар да үлестерін қосып жатыр. Ол кісілерге шексіз ризашылығымды айтамын. Менімен бірге күні-түні жұмыс істеп, көмектесіп, жалақысын алып жатса да, елге жұмыс істеп жатыр. Халық та риза.

Ауылды түлету үшін атқарған еңбегі бағаланып, биыл кәсіпкер «Жомарт жүрек» марапатына ие болды. «Бірақ, мен үшін марапат емес, жерлестерімнің ыстық ықыласы мен ризашылығы қымбатырақ», - дейді Алтынбек Сапаров. Кәсіпкер мереке қарсаңында ауылдастарына тағы бір тарту жасады. 16 миллион теңгеге медициналық бекет ашып берді.  

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу