Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылына табиғи газ берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылына табиғи газ берілді

18.12.2018

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылына табиғи газ берілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімдігі газ таратушы компаниямен меморандумға қол қойған еді. Жобаның жалпы құны 13 млрд. теңге шамасында. Аманқарағай ауылы осы жоба аясында көгілдір отын жеткізілген жетінші елді мекен. 

Әулиекөл ауданына ұзындығы 136 шақырым газ магистралі Тобыл кентінен тартылды. Газ таратушы қондырғылар орнатылған соң аудан бойынша көгілдір отын ең бірінші Аманқарағай аулына беріліп отыр.

Серікбай Жүнісов, ауыл тұрғыны:

- 6 жастағы баладан 60 жастағы қартқа дейін қуанышты. Көбі бүгінгі салтанатты шараға келіп, қатысып отыр. Бұл Елбасының халыққа әлеуметтік қамқорлығы деп білеміз.

Тәния Уәлиева Аманқарағайдың байырғы тұрғыны. Үйіне газ құбырын алғашқылардың бірі болып орнатты. «Бұл күнді асыға күттік» дейді ол. Өйткені, егде кісіге күнде от жағып, күл шығару оңай емес.

Тәния Уәлиева, ауыл тұрғыны:

- Бұрынғыдай ағаш жармаймыз, көмір іздемейміз, тасымаймыз, күл шығармаймыз. Бұл біз сияқты үлкен кісілерге көп көмек. Енді жылы жерде жатып, жылы жерде тұрамыз.

Аманқарағай ауылында 8 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғын үйлердің саны 200-ден асады. Әзірге соның 50-і табиғи газ құбырына қосылған. Қалғаны қажетті құжаттарын дайындап, құрылғыларын орнатып жатыр.

Юрий Итемгенов, ауыл әкімі:

- Табиғи газдың келуі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді. Жұмыс орындары көбейеді. Тұрғындардың көшіп кетуі тоқтайды. Керсінше, енді бізге көшіп келушілер көбейеді деп ойлаймын.

Алдағы жылы аудан орталығы Әулиекөл кентінің тұрғындары да көгілдір отынды тұтына бастайды. Сонымен қатар, Құсмұрын және Чернигов ауылдарына да газ құбырын тарту жоспарланып отыр. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу