Халықты қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықты қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

18.12.2018

Елімізде өз үйін емес, өзгенің пәтерін сағалап жүргендер көп. Түрлі санат бойынша кезекке тұрып, ақырында баспана алудан күдер үзгендер де жетерлік. Алайда, құрылыстың қарқынында мін жоқ. Тек бағасы қарапайым халықтың қалтасына шақ емес. Ал, қолжетімді үйлердің құрылысы баяу. Бұл мәселені мемлекет қалай шешпек? Елбасы айтқандай, 5 жылда 650 мың отбасы баспаналы бола ала ма?

6 ұл, 1 қыз ата-анасымен бірге аядай ғана бөлмеде тұрады. Ақмарал бала тәрбиелеп үйде отырса, жолдасы жалдамалы пәтер ақысы мен жан бағу үшін ертелі-кеш еңбек етеді. Осылай жүргендеріне 9 жыл. Отбасы оңтүстіктен Астанаға амалсыз келген. Жеткіншектің бірі сырқат. Ол елордалық мамандардың үздіксіз бақылауында. Артық ішіп-жеу, қалағанын кию деген жоқ. Үнемі үнем.

Ақмарал Әгибаева, көпбалалы ана:

- Бала-шағадан артылмайды. Пәтер ақысын береміз, баланың тамағы, киім-кешегі, оқу құралдары бар. Бір үйден 5 оқушы оқиды. Екі кішкентайым үйде.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Біреуге баспана алу басты арман болса, басқаның жалғыз ойы – жалға беру. Иә, пәтер өткізу – тиімді бизнес. Әсіресе, Астанада. Учаскелік полицейлер 5 қыркүйектен бері құзыретті мекенжайларына тексеріс жүргізді. 300 мыңдай пәтер мен 30 мыңнан астам жеке үйді тінтіп шықты. Нәтижесінде жалданатын 25 мыңға жуық пәтер тіркелген. Ал, республикадағы жағдай қалай?     

Ербол Әмірханов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Камералдық бақылау басқармасының бас сарапшысы:

- Республика көлемінде алсақ, 82 мыңға жуық салық төлеуші осы бағытта тіркелген. Үй, обьектілерді жалға беру. Егер 1 млн-ға жуық салық төлеуші тіркелген болса, 82 мыңы сонымен айналысады.

Яғни, 82 мың адам жылжымайтын мүлікті жалға береді. Соның ішінде пәтер өткізетін 10963 азамат қана салық төлеуші ретінде тіркелген. Биыл олар бюджетке 200 млн. теңгедей түсім түсірді. Әрине, бұл толық тізім емес. Салықтан жалтарып жүргендерді түс көріп білмесең, басқаша анықтау қиын. Мұны мамандар да мойындайды.   

Ербол Әмірханов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Камералдық бақылау басқармасының бас сарапшысы:

- Пәтер алушылардан гөрі жалдаушылар көп. Астананың тұрғын үй қоры қазір 240 мыңға жуық. Сол 240 мыңға жуықтың 10-нан 20%-ға дейін жалға берілуде.

Демек, бұл дерек учаскелік полицейлердің мәліметімен шамалас. Бірақ, Астанадағы тұрғын үй құрылысы қарқыны рекордтық көрсеткішке жетті дегенбіз. Солайы солай. Алайда, пәтерді көбінесе қалтасы қалыңдар мен қолы жеткендер ғана алады. Ал, басқалар қайтпек? Елбасы осыған қатысты ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайтуды тапсырды. Былтыр 25 млрд. тг бөлініп әлеуметтік аз қамтылғандар үшін 2600 пәтер салынды. Биыл 30,6 млрд. тг. астам қаржыға 4 мыңдай баспана тапсырылуы тиіс. Келер жылы да жалдамалы пәтерлер қолданысқа өтпек.

Гүлмира Исабаева, ҚР ИДМ Тұрғын үй құрылыс комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Қаражатын 35 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл 3500 пәтерге дейін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, Президент мемлекет 5 жылда 650 мың отбасыны немесе 2 млн-нан астам адамды баспаналы етуі тиіс деді. Соған сәйкес, жыл сайын тұрғын үй көлемін 8% көбейту көзделген. Халықты «7-20-25» бағдарламасы бойынша ынталандыру да басты назарда.  

Сара Құрманғожина, ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің бас сарапшысы:

- Әкімдіктердің қаражаты есебінен бастапқы жарнасын жауып беруге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Сонда 5 жылдың ішінде 17 өңірге 1 млрд-тан жыл сайын қаражат бөліп тұрса, 85 мың отбасына көмек көрсетіледі деп болжап отырмыз.

Иә, құзырлы органдардың мәліметіне сенсек, сасатын ештеңе жоқ, үй салынып жатыр. Бірақ, көпбалалы Ақмарал 4 жыл бұрын жалдамалы тұрғын үй кезегіне тұрғанда 14900-шы еді. Қазір 13 300-ге түсті. Сонда қашан баспаналы болмақ? Әлде гәп басқа да ма? 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу