Гүлбахрам Жүніс: Желтоқсан күрескерлері ата-баба аманатын орындаушылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гүлбахрам Жүніс: Желтоқсан күрескерлері ата-баба аманатын орындаушылар

18.12.2018

Алматы - егемендік пен еркіндіктің жылнамасы басталған қала. Еңселі елдің ең алғашқы құндылығы - Ата заң осында қабылданды. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер мен төл теңгеміз де бекіді. Сондықтан, қала тұрғындары айтулы күнді ардақтап, сол жолда еңбек еткен тұлғаларды құрмет тұтады.

Республика сарайында өткен Тәуелсіздік күні мерекесінде ел іргесін бекемдеуге атсалысқан зиялы қауым төрден орын алып, марапатқа ие болды. Себебі, кез келген мемлекеттің қуаттылығы тек экономикасымен өлшенбейді. Рухани байлығы да елдің мызғымас қазығы. Сондықтан, ұлт руханиятының ұстынын мықтап бекітуге барын салған жандар осы жұмысты әрі қарай жалғап, кейінгі толқынға үлгі. 

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Осынау ел болашағы үшін маңызды шешімдер ақбас Алатаудың баурайындағы арайлы Алматыда қабылданды. Елбасы Алматыда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды, нақ осы жерде жаңа елорда Астана туралы тарихи қаулы қабылданды деп атап өтіп, бүгінде еліміздің ең ірі қаржы экономикалық, білім және ғылым, мәдениет және спорт, бизнес және туризм орталығына айналған алып шаһар Алматыға лайықты бағасын берген болатын. 

1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар қаза тапқан құрбы-құрдастарын еске алып, «Тәуелсіздік монументі» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Өйткені, олар Тәуелсіздік күнінің маңызын төмендетпей, мәртебесін асыру - аманат, деп біледі.

Гүлбахрам Жүніс, «Желтоқсан – 86», «Тәуелсіздік қырандары», «Халық қаһармандары» қозғалысының төрайымы:

- Бұл мереке біздің ата-бабамыздың қалдырған мұрасы, бізге берген аманаты. Біз Желтоқсан көтерілісі күрескерлері сол аманатты орындаушылармыз.

Желтоқсан оқиғасында құрбан болған боздақтарды еске алуға мегаполистегі жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де келді. Мұны аға буын кейінгі толқынның Тәуелсіздіктің бағасын жете сезіну деп есептейді. 

Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры:

- Шынымен де, сол кездегі студенттер болсын, жұмысшылар болсын, ғалымдар болсын, бәрі алаңға шықты. Сол күндері үлкен ерлік көрсетті. Мыңдаған көтерілістердің барлығы бекер емес.

«Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне жиналған көпшілік азаттыққа бастап, сол жолда қыршын кеткен жастардың рухына тағзым етті. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу