Аттың бабы мықты, бәйгелі болуы көкпаршыға тікелей байланысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аттың бабы мықты, бәйгелі болуы көкпаршыға тікелей байланысты

19.03.2014
Аттың бабы мықты, бәйгелі болуы көкпаршыға тікелей байланысты
Жылқы малын қадір тұтатын, бәйге десе делебесі қозатын қазақ жүйрік болар жылқыны құлынынан таныған. Ақан серінің Құлагерін құлын күнінен «атақты жүйрік болады», деп Киікбай сыншы болжаған деседі.
 
Аттың бабы мықты, бәйгелі болуы көкпаршыға тікелей байланысты. Жастайынан көкпар тартып өскен Құдайберген ақсақал ұлттық ойынды ұлықтап келеді.
 
Ол алғаш рет 15 жасында көкпарға шығып, бағын сынайды. Бастапқыда ұлттық ойынды игеру қиын көрінгенімен, кейін жас шабандоз шеберлігін шыңдай түсті. Содан бері ат жалын тартып мінген қазақ баласы 40 жыл бойы көкпар тартады.
 
Бұқаралық көкпарда 70-ші жылдары Құдайберген Рәбіловке тең келер ешкім болмапты. Арысы – Тәжікстан, берісі – Өзбекстан, тіпті қыр асып, қырғыздармен де күш сынасқан.
 
«Адамнан кейінгі ақылды саналатын, бұл – жылқы. Қазақтың атсыз күні жоқ. Қазақ бар жерде, жылқы бар. Ата-бабамыз аттың жалында жүріп, осынша жерді сақтап қалған»,-дейді қарт көкпаршы.
 
«Ұлттың саулығы ұлттық өнермен байланысты. Ата-баба аманатын берік ұстанатын болсақ, қазақтың қадамы – нық, шаруасы – ширақ, тірлігі – тиянақты болмақ»,-дейді 40 немере, 20 шөберенің атасы Құдайберген ақсақал.
 
Сюжеттің толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу