Ардагер геологтарға құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ардагер геологтарға құрмет көрсетілді

14.12.2018

Қазір әлемде қуат көзін өндірудің жаңа бағыттарын табу - өте өзекті мәселе. Себебі, болашақта энергетикалық отын өндіру мүлде жаңа технологияға негізделіп, экологиялық қауіпсіз болу қажет. Сондықтан, ғалымдар уран өндіруді де қауіпсіз, әрі тиімді әдістерге бұрмақ. Бұл бағытта отандық геологтарды да тың өзгерістер күтіп тұр. Алматыдағы 70 жылдық тарихы бар «Волковгеология» мекемесі еліміздің экономикалық қуатын еселеуге зор үлес қосып, жаңа кен орындарын табуға ден қойған. Ал, бұл жұмыста аға буын ардагерлер кейінгі толқын жас геологтарға зор сенім артып отыр.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

70 жылдық тарихы бар «Көкжалгеология» барлау мекемесінің негізгі қызметі еліміздегі уран өндіру саласы мен пайдалы қазбалардың ресурстық базасын кеңейту. Тәуелсіздік жылдары геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген ардагер геологтар бұл бағытта үлкен табыстарға қол жеткізді. Сондықтан, 70 жылдық мерейтой қарсаңында ардақты ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Әбдіразақ Мырзаұлы, ардагер геолог:

- Мереке құтты болсын. Елімізде тыныштық болсын. Әр адам өз жұмысын адал істесе, келешек жақсы болады.

Геологиялық барлау жұмыстары ғылыми дәлдіктен бөлек, асқан қажырлықты талап етеді. Өйткені, зерттеу кезінде жылдар бойы желдің өтінде, боранды қыста дала кезуге тура келеді. Сондықтан, геологтар отбасымен шалғай елді мекендер мен елсіз далада көше жүріп, еңбек етеді. Бұл байырғы көшпенділердің заманауи тіршілігінің үлгісі десе де болады.

Александр Вершков, ардагер геолог:

- Қазақстан - әртүрлі минералдық ресурстарға өте бай мемлекет. Мәселен, уранның қоры бойынша әлемде екінші орында тұрмыз. Ал, жерасты сілтілеу әдісімен өңдеуге жарамды барланған уран қоры бойынша көшбасшымыз. Жерасты ұңғымалық сілтілеу әдісімен уран алудың шығыны аз. Сондықтан, елімізде осы тәсіл кеңінен қолданылады.

Бүгінде геологиялық барлау мекемесі ғалымдарының зерттеулері нәтижесінде елімізде уранның 40-тан аса кен орыны ашылды. Кен орындарынан жиналған уранның жиынтық қоры - 1,3 млн. тонна. Бұл дүниежүзіндегі ең ірі минералды-шикізат базасын құруға жол ашты. Сондықтан, 3500 адам еңбек ететін мекеме экономиканың тірегі саналатын энергия өндіру бағытында іргелі зерттеулерді жалғастыра бермек.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу