Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі Түркияда тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі Түркияда тойланды

13.12.2018

Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі Түркияда тойланды. Анкарада Қазақстанның елшілігі мерекелік қабылдау ұйымдастырып, концерт берді. Ұлттық арнаның түсіру тобы да қазір бауырлас елде жүр. Тілшіміз Альбина Әшім түрік елі төрінен байланысқа шыққалы тұр. Альбина, білуімізше, сіздер бұл мерекелік шарадан бөлек Түркияның бірнеше министрліктеріне барып, өкілдерімен сұхбаттастыңыздар. Түрік ағайындардың екі ел арасындағы қарым-қатынасы жайлы ойлары қандай екен?

Альбина Әшім, тілші:

Қайырлы кеш, құрметті көрермен. Иә. Шынымен, Қазақстаннан келген бір топ журналисті Түркия елінің Сыртқы істер, Мәдениет және туризм министрліктері, сондай-ақ, Түркия президенті жанындағы коммуникациялар жөніндегі басқармасы да қабылдады.

1992 жылы екі ел арасында орнаған дипломатиялық қатынастың арқасында ортақ жобалар саны жыл сайын көбейіп келеді. 25 жыл ішінде Түркия біздің елдің құрылыс саласының өзіне 23 млрд. доллар қаржы құйған екен. Бұл бағытта 500 жоба жүзеге асырылып келеді.

Биыл Анадолы жеріне 400 мың қазақстандық турист келсе, біздің елімізге 22 мың түрік азаматы сапар жасаған. Білім саласындағы байланыс та берік. Түркия университеттерінде осы күнге дейін 5000 студент тегін білім алған. Түрік тарапы құрылыстан бөлек, енді ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, фармацевтика сынды салаларда жобаларға кіріспек.

Альбина, мәдени байланысты нығайтуда қандай жоспарлар бар? Түркі әлемінің рухани ынтымақтастығын арттыруға мән берілген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы түрік бауырлар не деп жатыр?

Альбина Әшім, тілші:

Иә, мақалаға қатысты айта кететін қызық жайт бар. Біз кездескен түрік мемлекеттік қызметкерлерінің барлығы дерлік елбасымыздың осы мақаласымен жіті таныс екен. Бұл мақалада Түркі әлеміне ерекше мән берілгеніне риза болып жатыр. Түрік ағайындар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын күллі түркі әлемінің манифесті деп бағалап отыр.

Жалпы, Түркияның Қазақстанға деген қызығушылығы мен құрметі арта түскені байқалады. Оны Тәуелсіздік күніне орай өткен елшіліктің қабылдауынан-ақ байқауға болады. Оған 600-ден астам адам келді.

Ең бастысы, мәртебелі меймандар арасында Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу да болды. Режеп Тайып Ердоғанның сәлемдемесін жеткізген Ялчын Топчудан сұхбат алған едік. Режиссерлеріміз үзінді беріп жіберсе.

Ялчын Топчу, Түркия Республикасы президентінің бас кеңесшісі:

Қазіргі Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасы екі көшбасышының, қос астананың достық байланысы қарқынды дамып келе жатыр. Ал Сирия мәселесі бойынша Астана процесінің қаншалықты нәтижелі болып жатқанына әлем куә. Жалпы, елдердің қарым-қатынасынан біздің өлкелер үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін тиімді.

Альбина Әшім, тілші:

Ал, қабылдауға қайта оралатын болсақ, оған түріктерден бөлек, бірнеше мемлекеттің дипломаттары қатысты. Ауқымды шарада шетелдіктер біздің ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, қазақтың ән-күйімен таныс болды. Астана, Анкарадағы Қазақстанның мерекесі осылайша аталып өтті. Сөз кезегін өздеріңізге беремін.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу