Жезқазған іргесіндегі Талап ауылында жаңа су торабы пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған іргесіндегі Талап ауылында жаңа су торабы пайдалануға берілді

06.12.2018

Жылдар бойы суға жарымай келген Жезқазған қаласының іргесіндегі Талап ауылында жаңа су торабы қолданысқа берілді. Елді мекендегі су станциясы мен көшелерге тартылған құбырлары әбден ескіріп, тозған. Соның салдарынан үнемі ақау шығатын. Ал, қайта іске қосылғанның өзінде жұрт кермек дәмді сапасыз су ішуге мәжбүр болатын. Енді бұл қиындықтар артта қалды.

Жасы 70-ке жетіп қалған Сәлима әжей енді даладан су тасып әуре-сарсаңға түспейді. Үйге құбыр тартылды.

Сәлима Исабаева, Талап ауылының тұрғыны:

- Жаңа арна салынбай тұрған кезде, ескісінің құбырлары жарылып, кейде су болмай қалатын. Үйге су кіргізіп алдық. Енді мына жаңа трасса іске қосылды. Су тоқтамай ағып тұр.

Араға 51 жыл салып Талап ауылындағы су желісі қайта қалпына келтірілді. 90 пайызы шіріп кеткен құбырлар әлсін-әлсін істен шығып, инженерлерді қажытатын. Тіпті, тұрғындардың айына 7-8 реттен сусыз қалған кездері болған. «Су берілген күннің өзінде сапасы нашар еді»,-дейді мамандар.

Досым Құлтасов, Сумен жабдықтау компаниясының инженері:

- Бұрынғы ескі құбырлар темірден жасалған. Судан темірдің дәмі шығып тұратын. Пластик құбырдың жақсы қасиеті - таза, тот дәмі шықпайды.

Талаптықтардың су тапшылығы машақатынан құтылуына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы сеп болды. Жоба аясында 225 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, модульді су станциясы мен 14 құдық орнатылды. Құбырлар тартылды. Мамандардың айтуынша, жаңа су жүйесі 50 жылға дейін жарамды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу